Отаны үшін от кешкен ару

(0 Votes)

Табандатқан төрт жылға созылып, осыдан 75 жыл бұрын жалаулатқан Жеңіспен аяқталған Ұлы отан соғысының іздері Құрманғазы жерінде де сайрап жатыр.

Құрсанып келіп,тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс фашистеріне қарсы тұру үшін ерлік пен бірлік керек еді. Осы бір отаншылдық рух пен халқын сүйген ,еліміздің қаһармандық үрдісін жалғастырған ұрпақтардың өкілі құрманғазылықтар болды. Біздің ауданнан ер азаматтар мен қатар майданға ондаған қыз- келіншектер де аттанды. Сондай қайсар аруларымыздың бірі Ингамова \Манаева\ Хамета Қожаққызы еді.Ол 1921 жылы киелі Құрманғазы жерінде дүниеге келген. Соғысқа дейін Алматыдағы педагогикалық курста оқып, бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Еңбекші қазақ ауданында 1941 жылы мұғалім болып бастады. Жиырмаға енді толған жас бойжеткен 1942 жылы өз еркімен майданға аттанған.

Соғысқа барғаннан кейін шоферлік курстан өтіп,бірден Сталинград майданының қалың ортасынан бір-ақ шықты.Сондағы авторотаға бөлініп, сақылдаған сары аяз бен бораған оқтың ортасында жүріп әскери машинамен жасырын әуежайдағы самолеттерге жанармай тасыды. Арасында майдан шебіне қару-жарақ апарып жеткізіп жүрді.Аласапыран соғыстың ортасында қолындағы воронканы ұршықтай үйіріп жанталаса қимылмен алға жүріп, Сталинградты жаудан тазартуға өз үлесін қосты.Жас қыздың майдан жолы одан әрі жалғасып,1944 жылдың тамызында Қиыр Шығыстағы әскери күште қызмет етуге жіберілді, артынан Жапониямен болған соғысқа қатысып, Порт-Артурды алудың ортасында жүрді. Одан әрі Қытай жерінде болды.

Ақыры 1947 жылы ефрейтор шенінде әскер қатарынан босатылып, туған жерге аман-есен оралды. 1947-1950 жылдары Башқұртстанда, 1950 жылдан бастап ауданның Абай,Ломоносов атындағы мектептерде ұстаздық қызмет атқарды. Одан әрі, Ганюшкин селолық кеңесінің төрайымы, «Балдырған»балабақшасының меңгерушісі болып, зейнеткерлікке шығып, Алматы қаласына қоныс аударды. Ингамова \Манаева\ Хамета Қожаққызы соғыста көрсеткен жанқиярлық қимылдары үшін екі мәрте «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен және «Қазақ ССР-ы оқу ісінің үздігі» белгісімен марапатталған.

Хамета Қожаққызы жасқа қарағанда 2009 жылы қайтыс болды. Өзі дүние салғанмен артында ұрпақтары бүгінде егемендік алған еліміздің нығаюына өз үлестерін қосуда.

Елбасына күн туғанда қолына қаруалып,Отанын қорғаған,бейбіт өмірде еселеп еңбек етіп зор абыройға бөленген асыл ана Ингамова Хамета Қожаққызының есімі ешқашан ұмытылмайды.

Л.Рахметова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT