Ота жасау түрлері қолжетімді болды

(0 Votes)

Коммерциялық емес әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов, бөлім басшысы Алмаз Кәрімжан ауданымызда болып, Дыңғызыл, Құрманғазы ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесті.

Екі округте өткен кездесуге аудан әкімінің кеңесшісі Жігер Жанханов, аудандық орталық аурухананың әлеуметтік профилактикалық-психологиялық бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Хамитова, Дыңғызыл, Құрманғазы ауылдық округтерінің әкімдері Оралбай Әзімов, Абдуррахман Муса және олармен іргелес жатқан ұзын саны 13 округтің тұрғындары қатысты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бері 3 жыл болғанын айтқан Коммерциялық емес әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Закарияұлы:

– Бұл күрделі оталар мен жоғары дәлдіктегі диагностиканы күту ұзақтығын қысқарту мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Мысалы, қымбат тұратын КТ, МРТ зерттеулеріне бұрын айлап кезекке тұрса, енді 10 күнге, кардиологиялық оталарды күту ұзақтығы 3-4 айдан 1 айға дейін азайды. Сонымен қатар, бұрын ақылы негізде жүргізілген көптеген оталар, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру, нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология, ЭКО қызметтері медициналық сақтандыру жүйесінде қолжетімді. Жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалатын оталардың ішінде мысалы, құны 74 млн. теңгеден асатын кардиохирургиялық ота бар, ол да қазіргі таңда медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қолжетімді болып отыр, – деп тиімді жақтарын айта келе, соған қарамастан елімізде шамамен 3 миллионнан астам, облысымыз бойынша – 75596, ауданымызда – 6913 адам сақтандырылмағанына тоқталды. Ауданымызда соңғы 12 ай көлемінде мүлдем жарна төлемегендер саны – 4214 адам. Осыларды айта келе округ әкімдері, жұмыспен қамту мекемелері, кәсіпкерлік бөлімдері, аудандық аурухана және басқа да мүдделі мекемелер бірлесіп, сақтандырылмаған азаматтарды медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша кең ауқамды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруы қажеттігін қаперге берді. Өйтпеген жағдайда тегін көрсетілетін көмектен басқасының бәріне тұрғындар ақы төлейді. Жалпы бірыңғай жиынтық төлемінің мөлшері қала тұрғындары үшін 1 АЕК (3450 теңге), ауылдық елді мекендерге 1725 теңге. Ол соманың 10%-ы табыс салығына, 20%-ы әлеуметтік сақтандыру қорына, 30%-ы зейнетақы және 40%-ы медициналық сақтандыру қорына түседі. Хабарламашы LED экран арқылы МӘМС туралы кеңінен түсінік беріп, жарна төлеу тәртібінен де хабардар етті. Одан әрі қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Аудандық орталық аурухананың әлеуметтік профилактикалық-психологиялық бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Хамитова: – Ауданымыз бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес 56125 тұрғын бар. Құрманғазы аудандық ауруханасының тіркелген халық саны бүгінгі күні – 48952 адам, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар саны – 17521. Қазір аудан тұрғындарына 100 төсектік аудандық аурухана, күніне 250 адам қабылдай алатын аудандық емхана, әрқайсысы 10 төсектік Балқұдық, Сүйіндік ауылдық ауруханасы, 14 дәрігерлік амбулатория,14 медициналық пункт, 3 фельдшерлік- акушерлік пункт, 68 дәрігер, 348 орта буын медициналық қызметкерлер қызмет көрсетеді, – деп жасалған жұмыстардан қысқаша ақпарат берді.

Кездесу соңында коммерциялық емес әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT