Осындай да аналар бар...

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын оның төрағасы Жандос Бектеміров ашып жүргізді.

Алдымен күн тәртібі таныстырылғаннан кейін «Аудан бойынша тәрбиелеу колонияларынан босатылған, арнайы жабық білім беру мекемелерінен оралған жасөспірімдерді есепке алу мен жұмысқа орналастыру бағытында атқарылған жұмыстар» туралы АПБ ЖПҚб-нің бастығы Т.Исаевтың хабарламасы тыңдалды.

Екінші мәселе – аудандық ішкі істер бөлімінің комиссияға 2020 жылғы 9 қарашадағы жолдаған хатын талқылау бойынша АПБ ЖПҚб ЮПТ-ның УПИ полиция капитаны Ә.Пәуеденова хабарлады. – 2004 жылы азаматша Т. азамат Ж-мен заңды некеге тұрған. Олардың 4 кәмелетке толмаған баласы бар. Отбасылық жағдайында келіспеушілік орын алуына байланысты ерлі-зайыптылар 2016 жылы заңды түрде ажырасқан. Ж. АПБ-нің кезекші бөлімшесіне барып, анасы кәмелетке толмаған қыздарының тәрбиесімен айналыспайтынын айтып, арыз түсірген. Комиссия мәжілісінде Ж. бұрынғы жұбайының қазіргі кездесетін азаматына балаларының көңілі толмайтынын, оларға қоқан-лоқы көрсететінін өздері айтып шағымданатынын жеткізді. Ал, Т. болса қыздарының әкесі ажырасқаннан кейін осы уақытқа дейін мүлдем хабарсыз кеткенін, қазіргі азаматымен байланысты біржола үзгенін қаперге берді. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін кәмелетке толмағандардың да пікірлері тыңдалды. Комиссия төрағасы Ж.Бектеміров:

- Бізді тек бұл жерде жасөспірімдердің тағдыры, олардың қауіпсіздігі алаңдатады. Ал екеуіңіздің араңыздағы жеке қарым-қатынасты және алдағы уақытта қыздарыңыздың тәрбиесімен кім айналысатынын шешу – біздің құзырымызға жатпайды. Ол үшін сотқа жүгінесіздер. Егер отбасында балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда аудандық полиция бөліміне дер кезінде хабарлауды міндеттеймін, - деді.

Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны А.алты баланың анасы, жетінші перзентіне жүкті. Заңды некеде жоқ. Екі ұлы мектеп интернатында жатып оқиды. Күзгі демалыс уақытында көшеге шығып, кез-келген адамнан ақша сұрап, қайыршылықпен айналысқан. Округ әкімі А.Муса бұл отбасыға демеушілікпен үй де алынып берілгенін, апта сайын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді. Бірақ, ұлдары әркімнің үйінің жанына төккен қалдықты жағалап, аш жүретінін, бірнеше рет адамдар оларды аяп тамақтандырғанын тілге тиек етті. З.Серікқалиев атындағы мектеп-интернатының директоры Қ.Бисенғалиев сабақ уақытында балғындардың жеке басының тазалығын қамтамасыз етіп отырғандарын, тамақтарының да тоқ, тәртіптері де жақсы екендерін айтты. Үйінің тазалығы да көңіл көншітпейді. Онымен колледжде оқитын үлкен қызы айналысады. А. жұмыс жасап, нәпақа табуға да құлықты емес. Балаларының кейбірінде әкелік құқық танылмағандықтан атаулы әлеуметтік көмек те тиіспей отыр. Комиссияға қатыстырылған ана бала тәрбиесімен айналыспақ түгілі, оларды қажет ететінін де, етпейтінін де білмей, жұмған аузын ашпады. Бұл мәселе бойынша баянатты оқыған АПБ ЖПҚб ЮПТ УПИ полиция капитаны Г.Құлжанова демалыс кезінде бейсауыт көшеде жүретін ұлын ғана облыстық бейімдеу орталығына орналастыру жөнінде ұсынысын жеткізді. Алайда, комиссия мүшелері қалған балғындар да қараусыз екенін алға тартып, А-ның дұрыс жолға түсіп, балаларына деген аналық махаббаты оянатынына сеніммен қарап, олардың тәрбиесімен айналысуды тағы да міндеттеп, соңғы рет мүмкіндік берді.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521