Қоңыртерек бастауыш мектебіне, медпунктіне бас сұққан аудан әкімі Қайрат Нұртаев қасына ерген бөлім басшыларына Азғырдың мәселелері бойынша мониторинг жасауды тапсырды.
Қоянды топтық су құбыры басында аудандық мәслихаттың депутаты М.Қуаншәлиев пен «Атыраусушар» мекемесінің гидротехник маманы А.Көшенова оның жұмысы туралы ақпарат беріп өтті. Мұнда бұрынғы ұңғылардағы су ашып кеткен соң келесілеріне ауыстырылыпты. Қазір тұшыған. Ашып кеткен ұңғыдағы су біраз тұрғаннан кейін тазарып, қалпына келіп, пайдалануға жарайды. Ғимаратты ұстап отырған гидротехник маман Айзада Көшенова: – Құмын алу үшін суды сорып төгетін техника қажет. Ұңғылардың тереңдігі 32-39 метр. Азғыр өңірін сумен толық қамту тағы да қосымша ұңғылар қазуды қажет етеді, - деді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ә.Әжіғалиев үш ұңғы қазу облыс әкімінің тапсырмасында барын жеткізді. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы бірден алты ұңғыға жоба жасап кезек-кезегімен жүзеге асыру керектігін алға тартты. Жолай аудан әкімі бірнеше шаруа қожалықтарында болды. Солардың бірі Берікбол Сағиев 110 бас қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіруде. Оның 70 басы аналық. Шаруагер 2 құдығы барын, тағы да қаздырғысы келетінін айтты. Қызылтақ деген жерде отырған жеке қожалықта болғанымызда Бейбіт Қапизов деген азамат сиыр, қой малдарын өсіріп қана қоймай бәйгеге ат дайындайтындарын да жеткізді.
Толығырақ «Серпер» газетінен оқи аласыздар