Қошалақта туған қаламгер

(0 Votes)

Марат Ысқақов–қаламгерлік қуатын журналистикада, драматургияда, ақындықта, жазушылықта танытқан қалам иесі. Балалық шағын Қошалақта өткізген Марат құмның табиғатын өлеңдеріне арқау етті. Әкесі Абдош, анасы Қаделі, апайы Зілфат туралы дерек қалдырды.

М.Абдошұлы 1932 жылғы 1 қаңтарда Қошалақта туған. Қошалақтағы жетіжылдық мектептен кейін, Алматыдағы  №18 Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген. Ауылда ат жалын тартып мініп, тай үйретіп тай жегендей талаппен өсті.

Мараттың Жұмекеннен үш жастай үлкендігі бар. Марат оқыған мектепте Жұмекен де бастауышты оқыған. Екеуі де ақ шағылдың тазалығын, құдық суының тұнығын тұшынған ақындар болып қалыптасты.

Марат 1950-55 жылдары қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Осыдан кейін журналистік қызметі басталады. 1962 жылға дейін облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істейді. 1962-64 жылдары Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болады. Мұнда баспасөз, радио, теледидар мамандығы бойынша дәріс алады.

Партия мектебін бітірген соң, 1965 жылы Теңіз аудандық «Ленин жолы» газетіне редакторлық қызметке тағайындалады. Онда 1971 жылға дейін жұмыс істейді. 1971 жылы Талдықорған облысына, Қапал аудандық «Қапал еңбеккері-Капальский труженик» газетіне редакторлыққа ауыстырылады.

1977-81 жылдар аралығында Қазақстан Журналистер Одағының басқарма мүшесі болады. Марат Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі.

ҚазМУ-дің журналистика кафедрасының шақыруымен, 1989 жылдан сонда аға оқытушылыққа ауысады. 1992 жылы академик З.Қабдоловтың жетекшілігімен «Қазақ драматургиясының әдеби сыны» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, доцент атағын алады. Осы жылдары Мәкең Алматы халықаралық журналистика институтының шақыруымен онда да сабақ береді. Енді, Марат Ысқақ журналистика практикасын теориямен ұштастыру бағытында еңбек етеді.

Марат – журналистік қызметін көркем шығармашылықпен қатар алып жүрген қаламгер. 1961 жылы «Шамшырақ» атты тұңғыш пьесасы сахналанады. Оның «Айнамкөз» драмасы әйгілі сазгер ақын Мұхит Мералиевтың өмірін бейнелейді. «Құрманғазы» пьесасы Хамит Ерғалиевпен бірігіп жазылған. Сондай-ақ «Кішкентай», «Тараз терегі», «Әзәзілдің әлегі» атты пьесалары қазақ радиосының алтын қорына алынған.

Марат–ақын ретінде республикаға танымал. Ақынның «Сағыныш саздары», «Дархан көңіл», «Шақырады көкжиек», «Көгілдір күмбез», «Жырым менің – жан сырым» кітаптары көзі тірісінде жарық көрді. Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы сериясымен «Арыс» баспасынан шыққан «Марат» атты және 2008 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Өмірімнің шарайнасы» жыр жинақтары кейіннен қазақ поэзиясына қосылды.

Марат зайыбы Меруертпен бес бала тәрбиелеп өсірді. 2004 жылы 73-ке қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. Сүйегі Есік қаласынан 10 шақырымдай шығыстағы Әшекейбел дөңі аталатын, бауыры Болат пен қызы Шархат жатқан қорымға  жерленген.

P.S. Туған жерде алдымен тосады ақ Күн,

Сағынғанда көз жасқа осал-ақпын.

Менің біраз жаныма жылу құйшы,

Қызыл құмы ып-ыстық Қошалақтың!

 

Есмұхан Жанизин,

Қошалақ ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521