Ошағанды шабу көптен бері айтылып келе жатырған мәселе еді.
«Сабақты ине сәтімен», дегендей аудан әкімдігінің қолға алуымен енді мұның да күрмеуі тарқатыла бастаған сыңайлы. Хош иісі бұрқыраған бұл шөп дәрілік өсімдіктер қатарына жатқанымен бір өссе қаулап, бой бермей кетеді екен. Үлкендер ошаған топырақты тоздырып жіберетінін, ол шыққан жерге басқа шөп өспейтінін айтады. Жапырақтары өзге өсімдіктерге күн түсірмейтіні анық. Екіншіден өзен жағасына жақындау қиын. Кей жерлерде биіктігі адам бойымен бірдей. Арасымен жүргенде кинодан көретін джунглидің ішімен келе жатқан сияқты көрінесің. Бойыңмен бірдей ошаған аяғың астында не барын байқатпайды. Бұрын, жаңбырлы күндері мал іздегенде су толы шұңқырларға түсіп кетіп жүретінбіз.
Біз барғанда ошаған шабумен айналысып жатырған «Құрманғазы жолдары» ЖШС-нің шалғы тіркелген «Беларусь» тракторы Самаркин көпірінің батыс жағынан бастап, біраз жердің шөбін баудай түсіріп, тазалап тастапты. Айнала жүріп шабуда. Осы қарқынынан танбаса бірнеше күнде жаға бойларын арамшөптен тазалап үлгеретіні сөзсіз. Басында жүрген аға механик Ерболат Бисенғалиев пен механизаторлар Ажыхан Имашев, Қуаныш Мамбетов бұл жұмысқа белсене кіріскен.
Аға механизатор Ерболат Бисенғалиев бізбен әңгімесінде: – Ошаған қайтып шықпауы үшін тұқым бермей тұрып, тамыз айында үш жыл қатарынан шабу қажет дегенді естігенмін. Кеңес Одағы тұсында кеңшарлар бұл өсімдікті мал азығы ретінде қолданып, жоспарлы түрде тонналап сүрлем дайындайтын. Ол кезде мұны құнарлы шөп ретінде шауып алады. Содан кейін шұңқырға салып үстін жауып тастайды. Қыста ашқанда хош иісі бұрқырап, жап-жасыл қалпында сақталады. Оны жеген мал қандай аязда да күйін жібермей шығады. Қазір ешкім шаппаған соң осылай қаулап кеткен.
Аудан әкімдігінен мекемемізге тапсырма берілген соң кеше таңертеңнен бастап ошаған шабуға кірістік. Жағадан 50 метр қашықтықта бұрынғы қонақ үй, Қайролла теректері маңын ошағаннан тазарттық. Қалың өскен шөптің арасында тұрмыстық қалдықтар, тас, шөлмек, ағаш және басқалары көп екен. Сол техникамызға біраз қиындық келтіріп, орағымыздың тісін жиі сындырып, кідіріп қаламыз. Бірақ, берілген тапсырманы орындауға тиіспіз, соған күш салудамыз. Шаппасақ адам бойымен бірдей қалың ошаған халықтың жүріп-тұруына, әдемі табиғатымыздың аясында демалуына кедергі келтіріп, мал жайылатын жерлерді басуда. Бұл басшыларымыздың берген тапсырмасы. Округтен қай жерлерді шабуымыз керектігін көрсетті. Қолдан келгенше жұмыстанып, оны ошағаннан түгел арылтамыз. Бізде жолды күтіп ұстауға, белгілер орнатуға ғана ақша бөлінеді ғой. Алға қарай ошағанды шабуға арнайы қаржы қаралса, жыл сайын жоспарлы түрде жұмыс жасауға дайынбыз, - деді.
Құрманғазы ауылдық округінде жасалып жатқан бұл жұмыс өзге округтерде де жалғасын тапса дейміз. Оларда да ошаған жайқалып тұр. Жергілікті шаруа қожалықтарын бірлесе жұмыс жасауға шақырса игі істен бас тарта қоймас.
Қанат ҒҰМАРОВ