Қош келдің, даламызды дүбірлетіп...

(0 Votes)

Күллі мұсылман әлемінің басты мерекесі – әз Наурыз 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президенті Қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасымыз наурыз айының 22-ші жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал, 2009 жылдың 24 сәуірінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы», - деген мәртебе берді. Себебі, бұл мерекені бабаларымыз бір күн емес, бір ай бойы тойлаған.

Наурыз Қазақстанда ғана атап өтілмейді. Жақын шет елдер де (Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ресей) Наурыз мерекесін қарсы алады. Ауғанстан, Иран секілді алыс шет елдер оның келуін тағатсыздана күтеді. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-ші қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді.

Бас Ассамблея өзінің берген түсініктемесінде Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын мәлімдеді. Ал, UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде бұл мерекені адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне кіргізді.

Ертеде мереке күні қар жауып тұруы - жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестіріледі. Бұл таңғажайып жайт емес, өйткені осы айдағы қар әдетте жұмсақ, ерекше аппақ болады. «Наурыз мерекесін аста-төк молшылықпен атап өту келер жылдың берекелі болуына ықпал етеді», - дейді данагөй қариялар. Сол себептен де бабаларымыз Наурыз көжені молынан пісіртіп, шамасы келсе қос-қостап қошқар сойған.

Сонымен қатар, ақ мол, дастархан майлы болсын деген ниетпен ыдыстарға бидай, арпа, жүгері, сұлы толтырып, сүт, айран, уыз, шұбат құйып қойған. Дастарханға ешқашан харам заттар әкелмеген. Ауыл ақсақалдары мен құрметті қонақтарға бас ұсынылып, сорпа тартылған. Астан соң ақындар бір- бірімен айтысып, күйшілер күмбірлетіп күй төккен. Бұл киіз үй ішіндегі көрініс.

Кең далада қайратты жігіттер көкпар тартса, ауыл жастары алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған. Қазақ осылайша ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өткен. Қазақтың маңдайына біткен ұлыларының кейбірінің Наурыз жайлы пікіріне тоқталайық. Мәшһүр Жүсіп: «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы - наурызнама» - деген екен. Мiржақып Дулатов: «Жер жүзiндегi жұрттардың бәрiнiң де түрлi-түрлi мейрамдары бар. Мәселен, дiн мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секiлді. Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мерекесі. Қазақтың оны тойлауы айрықша сыйымды, артықша дәлелдi. Неге десеңiз, марттың ескiше 9-ында, жаңаша 22-сiнде күн мен түн теңеледi. Қыс өтiп, жаз жетiп, шаруа ырысқа кенеледi. Қытымыр қыста ақ кебiнiн жамылып өлiм төсегiнде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тiрiлуi кiмнiң болса да көңiлiне шаттық ұялатары анық.

Тiршiлiк жағынан қыстың өтуiне, жаздың жетуiне қазақтан артық тiлектес, одан артық қуанатын ел жоқ деуге саяды», - десе, Мағжан Жұмабаев: «Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжайды. Қазақтың Жаңа жылы – жазғытұры күн мен түннің теңелген (22 наурызда) күні болады. Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы әрі суық түннен ұзара бастайды», - дейді.

Енді бұл мерекені «отқа табынушылар мейрамы», - деп жүргендерге келсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі олардың пікірі негізсіз екенін алға тартады. Пәтуа мәтініне сүйенсек, дін саласындағы «Әдет-ғұрып» фиқһ қағидасында елдің бұрынғы салт-дәстүрлері ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, оларға тыйым салынбайды.

Бүгінде Наурыз мейрамы - діни бояуын жоғалтып, отқа табынатын зардұштылық дінінің элементтерінен ада, халық арасында тек дәстүр ретінде қалыптасқан мейрам. «Фиқһта (шариғатта) харам үкімін тудырған себептің жойылуы - үкімнің де жойылуына алып келеді» дейтін қағида бар. Шариғат дінге теріс келмейтін дәстүрлерге рұқсат еткен» - дейді діни басқарма мамандары. Сол шариғаттың өзі ислам тараған заманнан бастап Құран, хадис және дін ғұламалары алдыңғы екеуіне сүйеніп шығарған үкімдерден тұратынын ескерсек, бұл мерекені тойлаудан ешбір әбестік көрмейміз.

Наурыздың дәстүрлі тағамы - «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтық дәмнен тұрады. Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді, оның мағынасы терең. Қазақ үшін үш пен жеті қасиетті сандар. Сондықтан бабаларымыз Әз-Наурыз кезінде үйіне 7 қонақты шақырып, өзі де 7 үйден дәм татқан. Бұл күні қонақ қарсылағанда алдымен жеті түрлі тағам салып пісірілген Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылған.

Атырау және Маңғыстау облыстарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі бөлігі - «Көрісу». Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге, барлығы «Жаңа жыл құтты болсын!» деп амандасады.

Наурыз - көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, жас буынның бойына ұлттық қасиеттерімізді сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз.

Ұлыс оң, ақ мол, мереке құтты болсын, ағайын!

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT