Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті күйші, бірнеше кітаптар мен дикілердің авторы Шәміл Әбілтаев Ресей Федерациясы Астрахань облысы Володар ауданының Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы аймақтық мәдениет орталығында болып, күйші баба басына тәу етіп, қандастарымыз алдында өнер көрсетті.
Келесі күні Құрманғазы ауданының тұрғындарымен кездесті. Алтынжар. Дауылпаз күйшінің мәңгілікке тыныш тапқан мекенінде болған күйші-композитор Шәміл Әбілтаев, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, аталған одақтың мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ауданымыздың Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев, Байда ауылдық округінің әкімі Бекес Сәрсенғалиев, Атырау облыстық этно-архелогия ғылыми зерттеу орталығының басшысы Есенбек Алашбаев Құрманғазы бабаға дұға бағыштады.
Құрманғазы атындағы аймақтық мәдениет орталығының экскурсия жүргізушісі Жұмағыз Иманбаеваның айтуынша күйші кесенесі 1996 жылы тұрғызылған. Кейін келушілер саны көбейгеннен соң 2005 жылы 20 орындық демалыс орны, мұражайы бар кешен салынған. Кесене мен кешенге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қолдау көрсетіп отыр.
Биыл Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының әкімдіктері бірлесіп мұнда жөндеу жұмыстарын да жүргізген. Есімі әлемге әйгілі баба даңқын қастерлеп, осында жылына 25 мың турист келеді екен. Кесенеге кіріп көргеннен кейін Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталыққа беттедік.
Жергілікті қандастарымыз атыраулық делегацияны дәм-тұзбен жылы қарсылады. Бұл кешен Астрахань облысы Мәдениет министрлігінің Астрахань музей-қорығына қарайды. Мұражай меңгерушісі Әния Мақабаеваның айтуынша бір өзінде 300-дің үстінде құнды жәдігерлер шоғырланған. Іші кең, терезелерінен күн сәулесі құйылған, қазақы өнер мен мәдениеттің қазына сандығы іспеттес орталықты аралай бергің келеді. Әр жәдігерді көрген сайын оларды шаң тигізбей күтіп ұстап отырған қандастарымызға деген ризашылық сезіміміз арта түскендей.
Өнер адамдарымен, жастармен кездесуді орталық басшысының орынбасары, жүзінен жылу төгілген қарындасымыз Светлана Әлібекова ашып, қонақтарға қош келдіңін айтып, шараның мақсатын таныстырды.
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев:
– Ұлылардың тұяғы,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтайдың есімі елімізге де, шет мемлекеттерге де жақсы таныс. Бұл кісінің мұнда келудегі негізгі мақсаты біріншіден қазақтың күй өнерін насихаттау, екіншіден ұлы бабамыз Құрманғазыға тағзым ету. Сіздердің өңірлеріңізге сапарымыз Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдени саланы дамыту бойынша берген тапсырмасы аясында, облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Осы шараны ұйымдастыру маған тапсырылған болатын. Өйткені Шәміл Әбілтай жасы ұлғайса да қолынан домбырасын тастамай, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген күйші ақсақалдардың бірегейі. Қазақтың күйшілерінің дені батыс өңірінен шыққандықтан сапарымызды Алтынжар өңірінен бастағанды жөн көрдік, - деп жақсы қарсылағаны үшін алтынжарлықтарға ризашылығын білдірді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев:
– Мұнда, сіздердің орталарыңызда өзімді ерекше сезініп тұрмын. Қазақ күй өнерінің даңқын аспандатқан Құрманғазы деп білемін. Ол болмаса мұндай дәрежеде танылмас та едік. Мен күйші басына салынған кесене ашылған 1996 жылы да осында келгенмін. Бүгін сіздермен дидарласуға мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Оны ұйымдастырып жатырған мына Қойшығұл құрдасыма өте ризамын.
Қойшығұл қасыма ілеседі дегенді естіген өзім туған Индер ауданының әкімі Мейрім Қалауи: «Бұл сіз үшін үлкен сәттілік» деген болатын, - деп толқи сөйлеп, бірнеше күйлер мен әндер орындады.
Олардың қатарында өзінің орындауында әлеуметтік желі арқылы танымал болған Құрманғазының «Аман бол шешем, аман бол», «Жігер», төл туындылары «Күй ата», «Қойшығұл», «Тоқай тағдыр» күйлері, журналист-жазушы Таңатар Дәреловтің сөзіне жазылған «Құрманғазы мекенім», «Әз аға» әндері және басқа да шығармалар бар.
Әрбір орындауына қатысушылар тарапынан үлкен қошемет көрсетілді. Алтынжарлық өнерпаздар да күй қағанының лайықты ізбасарлары екенін өз өнерлерімен дәлелдеді. Күй төгілген кеш жанымызға жылылық сыйлап, осында келгелі алған жақсы әсерімізді еселей түсті.
Ресейлік қандастарымыздың қазақы өнері мен мәдениетінің қаймағын бұзбай ұстап отырғанына риза болып, Құрманғазы атындағы аймақтық мәдениет орталығы басшысының орынбасары Светлана Әлібекованы сөзге тартқанымызда:
– Бүгінгі таңда орталығымызда үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бізде «Самал» деген қазақ музыкасы ансамблі, «Сарыарқа» этно-фольклорлық ансамблі бар. Мақсатымыз қазақтың өнерін, Құрманғазы бабамыздың күйін әлемге тарату. Үш жылдан бері осы орталықта «Волшебные струны домбры» деген күйшілердің конкурсы ұйымдастырылып келеді. 2018 жылы оны бүкілресейлік дәрежеде өткіздік. Оған Қалмақ елінен, Дағыстаннан, Саратов қаласынан қатысушылар келді. Айта кетейік бұл конкурс 6-16 жас аралығындағы балалардың арасында ұйымдастырылады. Гран-при иегелерін Қазақстанның батыс өңірлеріне жіберіп біліктілігін арттырамыз. Өзіміздің домбырашыларымыз Қазақстанда өтетін сайыстарға қатысып тұрады. Жалпы батыс өңірінің Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарымен тығыз мәдени байланыстамыз. Шебер домбырашыларды шақыртып Астрахань облысының үш-төрт ауданында сабақ бергізіп жүрміз. Аталған қаланың мәдениет және өнер колледжінде қазақ домбырасының бөлімшесі бар. Барлығы да атамыздың күй өнерін сақтап қалуға, ары қарай дамытуға арналған жұмыс. Бүгінгі шараны келесі жылы 15 жыл толғалы отырған орталығымыз үшін маңызы зор деп санаймын.
Шара оған қатысып отырған, домбыраның, ұлттық өнердің не екенін енді түсініп жатырған жас күйшілерге өте пайдалы, әсерлі өтті. Оны олардың көзінен, қабылдағанынан байқадық. Шәміл ағамыздың атын бұрын естігенімізбен бүгін кездестік. Өнерін көру біз үшін үлкен мәртебе.
Осындай шараға ұйытқы болған Атырау облысы әкімдігіне, бастап келіп жатырған жазушы Қойшығұл Жылқышиев ағамызға алғысымызды білдіреміз. Қазақстанда тұрмасақ та ол кісінің де шығармашылығымен таныспыз, бүгін ортамызда отырғанына қуаныштымыз. «Өнерде шекара жоқ», дегендей Атамекенімізбен мәдени байланысымыз алға қарай да жалғасын таба береді деген сенімдемін, - деді.
Біз де осындай қандастарымыз барына риза көңілмен аттандық.
Қ.Ғұмаров