Қос бәйгеде Орлы ауылының аттары жеңіске жетті

(0 Votes)

«Тайың өсіп, тұлпар болсын, құнаның өсіп дүлдүл болсы, ұлың өсіп – батыр болсын» деген ата бабаларымыз ежелден тай, құнан жарыстарына зор көңіл бөлген.

Ол бәйге дайындаудың бірден-бір тәсілі болып саналған. Атбегі аталарымыз нағыз жүйріктерді солардың арасынан іріктеп отырған. Міне, он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айы аяқталып, айт мейрамының алғашқы күнінде Ақкөл ауылында осы тамаша дәстүрдің куәсі болып, көңіліміз қуанышқа толды.

d

Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын Ақкөл ауылының атбегілері мен жастарының ұйымдастыруымен өткен шараға аудан әкімі Қайрат Нұртаев, орынбасары Өркен Тәжібаев арнайы қатысты. Көрші елді мекендерден жиналған жанкүйерлердің де қарасы мол болды. Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бисенбай Рамазанов көпшілікті Ораза айт мейрамымен құттықтап, бағдарламаға сәйкес 2 бәйге өтетінін хабарлады.

d

Алдымен 4шақырымдық тай жарысына 12 сәйгүлік қатысты. Өз нөмірлерімен тайларын ойнатып шыққан шабандоздарды жанкүйерлер ду қол соғып, қошеметпен қарсы алды. Бұл бәсекеде мәре сызығын бірінші болып Орлы ауылынан Нұрлыбек Өтешовтың тайы кесті. Шабандозы Әкежан Бисенбай. Екінші болып қызылобалық Нұрланов Әлімжанның «Көжек» атты тайы келсе, ІІІ орынға «Жайсан» шаруа қожалығынан ақкөлдік Жайсанбек Ғалиденовтың тайы, шабандозы Жанарыс Қабдіжәлелов табан тіреді.

d

Бірінші орынның қой малы жүлдесін округ әкімі Б.Рамазанов, екінші орынның 20 000 теңге жүлдесін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мұқашев, үшінші орынның 10 000 теңге жүлдесін«Ганюшкин» локомотив депосының бастығы Ерлан Тарихов тапсырды.

d

8 шақырымды құраған Құнан бәйгеде бас жүлдені орлылық Арсен Қуанышқалиевтің «Қарқын» аты жеңіп алса, екінші орынды құрманғазылық Нұрбол Қоданов, үшінші орынды Құрманғазы ауылынан келген Нұрхан Өтеуовтың «Атаман» аты иеленді. Жеңімпазға 50 000теңге жүлдені аудан әкімі Қ.Нұртаев, ІІ орынның 30 000 теңге жүлдесін аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, ІІІ орынның 15 000 теңге жүлдесін Ақкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбубәкар Юсупов табыстады. Мәре сызығына 4, 5,6-шы болып келген шабандоздарға ұйымдастырушылар атынан ынталандыру сыйлықтары ұсынылды.

Бұл күні бәйге алаңында ақшаңқан киіз үй тігіліп, жиналған жұртшылыққа мерекелік дастархан жайылды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT