Президентіміз Конституцияға сәйкес Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлықтарға қол қойды.
Бұл жайлы Мемлекет басшысының мәлімдемесінен таныстық. Өз мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Кемелұлы депутаттардың еңбегін бағалап, еліміздегі жүзеге асырылып жатырған реформаларға үлес қосқаны, сайлаушылармен жиі кездесіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерді көтергені үшін ризашылығын білдірген. Түгелдей жаңғыруға бет бұрған Жаңа Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттарды қайтадан сайлау заман талабы деп ұғынамын. Сонда Қоян жылына жаңаша қадам жасаймыз. Мұндай өзгеріс ешбір демократиялық қағидаларға қайшы келмейді деп есептеймін. Керісінше қазіргі жасалып жатырған реформаларды ілгерілетеді деген сенімдемін. Мәлімдемеде: «Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады», – деп Мемлекет басшысы жаңадан сайланатын депутаттарға үлкен үміт артты. Өте орынды, «Жұмалы көтерген жүк жеңіл болады» емес пе?! Олар да сенім биігінен көрінер.
Аталған мәлімдемеде Мәжілістің сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді деп белгіленіп отыр. Тағы бір өзгеріс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Сол сияқты облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланатыны айтылды. Алдағы сайлауда олардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, қалған жартысы партиялық тізім бойынша өтеді екен. Аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Әріден ойлайтын Президентіміз осылайша сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалатынын жеткізді. Жаңа депутаттар халықтың көкейтесті мәселелерін көтеріп, ел дамуына ыңғайлы заңдарды қабылдап, олардағы қарама-қайшылықтарды жойып, бір жүйеге түсіреді деп сенемін. Депутат деген атқа қай жағынан да лайықты адамдар сайланса, көп нәрсе өзгереді. Түсінгенім жаңаша сайлау жүйесі өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік жасайды. Қазір айтары бар, тың идеялар ұсына алатын азаматтар арамызда жоқ емес. Оларға жасыл жарық жанады деген үміттемін. Осының бәрі жүзеге асқанда елімізде азаматтық қоғамның дамуына бар жағдай туғызылады.
Мемлекет басшысының Мәлімдемесімен танысып шыққаннан кейін осындай ойларға келдім. Сол себепті қолдау білдіремін! Сүйікті Отанымыз дамып, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып, бейбіт ғұмыр кешіп өркендей берейік!
Жұмақай Ғұмаров, ҚР Журналистер одағының мүшесі