Қорымдарды қоршау шешілмей тұр

(0 Votes)

Бұл мәселе көптен бері көтеріліп келе жатыр.

Кезінде ол жөнінде сөз болып, кезек-кезегімен орындау үшін қаржы да сұратылғанын естігенбіз. Десек те, ашық-шашық жатқан қорымдарға ол әлі бұйырмайтын түрі бар. Қоршалмағандықтан араларына қоқыс толып, мазарларға мал сүйкеніп, кейбірі жарым-жартылай құлап та қалған. Теңіз ауылдық округіндегі мұсылман және христиан қорымдарының жайына алаңдаушылық танытып, мәселе ретінде үзбей көтеріп жүрген Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны Василий Латышев.

– 1997 жылдан бері аудан әкімдігіне шығып келемін. Одан бері бірнеше әкім ауысты. Қорымдардың іші қоқып жатады, үстімен мал өтеді. Қанша айтсам да ешқандай жұмыс жасалмады. Оны тазартып тұру округ әкімінің тікелей міндеті. Осы қорымдарда соғыста ел қорғаған майдангерлер жатыр, арасында ауған соғысына қатысқандар да бар. Біздің жарқын болашағымыз үшін күрескендерді өзіміз құрметтемесек, өсіп келе жатқан ұрпаққа қандай үлгі көрсетеміз? Мұны да ойлаған дұрыс сияқты. Қорымды қоршауға бір миллион теңге қажет көрінеді. Оны аудан көлеміндегі жол салып жатқан мекемелерден демеушілік ретінде сұрап көрсе қайтеді. Тіпті болмаса шарбақпен емес, сыммен қоршатса да мал кірмейді ғой, - дейді Василий Петрұлы ол жұмыс жасалғанға дейін қорымдарды қарауға ақылы қызметтен екі адам бөлінсе деген ұсынысын ортаға салып.

i

Округтегі қоқыс алаңы ауылдың іргесінде, одан 100 метрдей қашықтықта орналасқан. Ортасында өлген сиырлар жатыр. Басында ақылы қызметтің бір топ адамдары жұмыс жасап жүр екен. Бізді көрісімен шағымдарын айта жөнелді: – Қоқыс алаңының кіре берісін кеше ғана тазалап кеттік. Бүгін міне қайтадан лас қалдықтарды төгіпті. Алаң ортасына апармай бергі жағына тастайды. Сосын біздің жұмысымыз көрінбейді. Бұл адамдарды аңдып ұстап алып, айыппұл салу керек, - дейді олар. Айтса айтқандай-ақ. Төгілген қоқыс алаңға кірер жердің дәл аузына шашылыпты. Арғы жағында бос жер бар, оған жол ашық.

img_1961

Теңіз ауылдық округінің әкімі Анарбек Баймұқанов: – Осы ауылда туып-өскеннен кейін жағдайын жақсы білемін. 2017 жылы әкім болған күннен бастап бірден қорымдарды қоршатуды қолға алдым. 980 мыңға округтегі төрт қорымды заңдастырып, әділет басқармасына тіркеттім. Сол кездегі жер қатынастары бөлімінің басшы марқом Бекет Сүгірәлиев ағамыз қажетті құжаттарды дайындап берді. Аталған ақшаны ол кісіге екі жылдан кейін ғана алып берудің сәті түсті. 2018 жылы 2 наурызда оларды қоршауға бюджеттен қаржы сұраттым. Бұл мәселе облыстық бюджет арқылы шешілетіндіктен әзірге жүзеге аспай тұр. Қаржы бөлсе дәл қазір қоршап тастар едім. Бәрі соған байланысты ғой. Аудан бойынша 98 қорым бар болса, соның тек 8-і ғана қоршалған. Олар да демеушілікпен жасалған. Аптасына екі рет қорымдарды тазалатып отырамын.

img_1959

Тазалық жұмыстары округте өз дәрежесінде жүргізілуде. Менде ақылы қоғамдық жұмыста 30 адам бар. Бәрі де көше-көшеге бөлінген. Қоқыс алаңының басына төрт адам қойдым. Күн сайын тазалайды. Онда мал өлігін өртеп, көметін шұңқыр да бар. Себебі мал моласы біздің теңгерімге берілмегендіктен пайдалана алмаймыз. Ол әлі иесіз тұрғандықтан, жан-жағындағы қоршаулары ұшуда. Жалғыз бізде емес, барлық округте де осындай жағдай. Ауыл тұрғындары тазалықты сақтап отырғанын да айта кетейін. Округте трактор болғанымен оған штат бөлінбеген. Соған қарамастан біз оны пайдаланып, аптасына үш рет тұрғындардың ауласынан қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды жинап аламыз. Адамдар да оған үйренді. Қоқысын көшеге, далаға лақтырмайды, себебі трактор келетінін біледі. Суды уақытылы беріп келеміз, көшелерді жарықтандырдық. Қалып тұрғаны осы мазарларды қоршау, - дейді.

 

i

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT