Ортақ жауапкершілік аяққа тұсау

(0 Votes)

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының жанынан құрылған өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырыста негізінен көптен бері сөз болып жүрген несие серіктестіктерінің өзекті мәселелері талқыланды. Күн тәртібіне сай хабарлама жасаған «Құрманғазы» несие серіктестігінің төрағасы Қанат Қабуов «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен жасақталған келісімдер негізінде жеңілдетілген несиелер жергілікті шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлерге жұмыстарын дамыту үшін және жаңадан кәсібін ашып жатқандарға беріліп келгеніне тоқталды.

Хабарламашының мәлімдеуінше оның мөлшері 2014 жылдан бермен қарай алғанның өзінде 610 000 000 теңгені құраған. Алайда, несие алушылардың ішінде оны уақытында төлемегендер бар. Олардың кейбірінің үстінен сотқа талап арыздары жолданып, атқару парақтары жеке сот орындаушыларына табысталған. Бүгінде берешегі бар шаруа қожалықтарына уақытылы төлеу жөнінде жазбаша түрде де, тікелей барып та ескерту жұмыстары жалғасуда. Ешкім төлемейміз деп бас тартып отырған жоқ. Бірақ, серіктестіктің жеңілдетілген пайызбен берген несиесі бойынша міндеттемелерін толық орындаған мүшелеріне келісімде көрсетілген ортақ жауапкершілік салдарынан кепілдікке салған жылжымайтын мүліктері кері қайтарылмай отыр. Сонымен қатар, кезінде «Атырау әлеуметтік корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылған бұл жобаның төңірегінде де, салаға қатысты заң нормаларында да олқылықтар кетіп, бүгінгі күні несие серіктестіктерінің жұмысына тұсау болуда.

«БАР» несие серіктестіктерінің басшысы Руслан Қабдешов те өз хабарламасында осы мәселе төңірегінде сөз қозғады. Айтуынша, мұның бір шешімін табу үшін несие серіктестігі басшыларымен кездеу өткізіп, оның нәтижесімен «Е-өтініш» сайтына жиналып өтініш жіберу керек. Оған жауап болмаса ғана Конституциялық сотқа жолдауға болады. «Құрманғазы СДО» АШӨК төрағасы Бержан Кенжебаев несие серіктестігінен қаржы алушылардың ортақ жауапкершілігін алып тастауды ұсынды. Өз ұсынысында кім қанша инвестиция салса соған ғана жауапты болуы қажеттігін айтып, әйтпесе міндеттемесін орындамаған біреу үшін төлеу несие алушылардың орынды наразылығын тудырып отырғанын жеткізді.

Аталған хабарламашыларға сұрақтар беріліп, жауаптар қайтарылған соң өңірлік кеңестің төрағасы, мүшелері Мұқар Шаяхметов, Мерғали Ғабдушев, Батырбек Амиров, Жаннат Сидеғалиева Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов тың ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар жабулы қазанды сол күйінде қалдырмай толғантқан мәселені алдымен аудандық, облыстық әкімдіктер мен мәслихаттар деңгейінде көтеріп, нәтиже шықпаса Конституциялық сотқа беру керек деген ұсынысты бірауыздан қолдады.

Қорытындысында Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы аудандық филиалының жанынан құрылған өңірлік кеңестің төрағасы хабарламашыларға ризашылығын білдіріп, отырыс барысында біраз талқыға түскен, несие серіктестіктерінің бас ауруына айналған ортақ жауапкершілік мәселесін шешу жолдарын көрсеткен ұсыныстар ескерілетінін жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT