Аудан әкімінің үлкен мәжіліс залында Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлібек Ермекқали ауданымыздың бір топ шаруа қожалығы иелерімен, заңды тұлға өкілдерімен кездесті. Жиын барысында жаңадан құрылатын шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілетін жердің максимальды шегін белгілеу жайы талқыланды.
- Қазіргі уақытта республика бойынша ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті тұлғаларға берілетін жердің максимальды шегі нақтыланып жатыр. Кей өңірлер өздеріне тиімді шекті анықтап, жергілікті атқарушы және өкілетті биліктерімен бірлескен шешімі қабылданып, жоғары жаққа ұсынды. Осы бағытта облысымызда да жиын өтіп, қатысқандар нақты бір тоқтамға келе алмады. Өйткені облыстық әкімдік алдағы уақытта жаңадан құрылатын шаруа қожалықтарына 7500 гектар, ауыл шаруашылығы құрылымдарына 35000 гектар жер беруді мақұл көрсе, Қазақ аграрлық ғылыми зерттеу институтындағылар тиісінше шаруагерлерге 9600, кәсіпорындарға 67000 гектар берілсін деп отыр. Ортақ мәмілеге келе алмағандықтан аудандарға шығып, нақты жергілікті жердегілермен пікірлесу ұйғарылды. Бұл жерде аталған жер көлемін жаңадан іс бастаушыға беріле салады деген қате пікір қалыптаспасын, оның өзіндік критерийлері бар. Қазіргі жағдайда тек сіздердің қатыстарыңызбен тиімді максимальды шекті анықтауымыз қажет, осы орайдағы пікір-ұсыныстарыңызды білуге келген жайымыз бар, - деді басқарма басшысы.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтах аудандағы жалпы жер көлемі, оның ішіндегі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік мақсатындағы жерлер, елді мекендері аумағы, ерекше қорғалатын аймақ, орман шаруашылығына тиесілі жерлер туралы қысқаша мәлімет беріп өтті.
Мәселеге орай «Е.Құбашев» шаруа қожалығының басшысы, Қазақстан фермерлер одағы аудандық филиалының төрағасы Есболат Құбашев, шаруа қожалығы иелері Оразғали Алғаязов, Бақтығали Еселбаев, Нұрлығайын Қисамеденов, Жексенбай Ерғалиев, Ғарифолла жанғалиев өз ойларымен бөлісті.
«Шопан ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының облыстық филиалының өкілі Ғазиз Ғабдуллин өз сөзінде қазақтың «Жас өспейме, жарлы байымай ма?» деген қағидалы сөзін келтіріп қазіргі адамға керек жер келер ұрпаққа да керек екенін айтып бұл мәселеде оңтайлы шешім қажеттігін қаперге берді. Пікірталастан кейін құрманғазылық шаруагерлер облыстық әкімдік белгілеген жаңадан құрылатын шаруа қожалықтарына 7500 гектар, ауыл шаруашылығы құрылымдарына 35000 гектар жер беру ұсынысын құптаймыз деген ортақ келісімге келді.
Айбек НӘЖІМОВ