Ортақ істен әкелер шет қалуда

(0 Votes)

Әкелер кеңесінің атынан сөйлеген, Абай атындағы орта мектептің әкелер кеңесінің төрағасы Қайрат Сайфуллин:

– Баланың бас ұстазы ата-ана, бірақ, оның тәрбиесіне келгенде  әлсізбіз. Әкелер көбіне оған ашық түрде араласа алмайды. Олардың балаларымен қарым-қатынасының аздығынан, бәрін анасына жүктеп қоятынынан қоғамда, мектеп өмірінде  осындай келеңсіздіктер белең беруде. Әрине, ата-аналар балалары үшін еңбектеніп, оларды ешкімнен кем қылмай киіндіріп, қалталарына ақшасына дейін салып беріп отыр. Жауап ретінде оқушылар құқық бұзушылық жасайды. Қай жерден қателік жібердік? 1-2 сыныпта оқитындар кішкентай шығар, бірақ, 3 сыныптан  жоғары оқушылар жақсы мен жаманды, ненің пайдалы, ненің зиянды екенін  біледі  ғой ағайындар. Бәрі де біреудің үкілеген қызы, болашағынан үміт күткен баласы. Ешбір ата-ана оларға мектепке барып тәртіп бұз, электронды темекі шек, ұрлық жаса  деп айтпайды. Мұндай жағдай қоғамда орын алып отырғанына жүрегіміз ауырады. Әрбір ата-ана оған көз жұма қарамауы тиіс деп ойлаймын. Төрт бірдей ұрлық фактісі ол ауданымыз үшін көп. Бұл бала кешкілікте қараусыз қалғандықтан немесе ата-анасының тілін алмайтындығынан болып отырған жайт. Айналып келгенде полиция бөліміне есепке алынып, ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Баланың болашағына балта шабылады. Ертең жоғары оқу орынына барса полицияда есепте тұрғаны, ата-анасының соттылығы жайлы анықтама сұратады. Өзіміз дүниеге әкелген балаға сөзіміз өтпесе не боламыз? Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды, – деп, әкелер өздері бірігіп түнгі рейд ұйымдастырса деген ұсынысын ортаға салды.

Аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы, заңгер Ұлмекен Сапарова: – Ұрлық жасаған балалар бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Содан қорытынды шығармай отыр. Ата-анасы баласының түнде үйден шығып кеткенін білмейді. Жалпы ата-аналардың жауапкершілігі заңда қаралған. Мектеп білім мен тәрбие беру орны болғанымен бала бірінші ата-анасына керек. Тәрбиесіне мұғалім жауапты дегеннен арылу қажет. Ол тек білім беруге ғана міндетті. Бүгінде біз баланы жастайынан еңбекке баулымайыз. Сонда адал еңбек етуге, бәрі маңдай терімен келсе ғана иігілігін көретініне  қашан үйретеміз? Осындай шараларға жақсы оқитын, тәртіпті балалардың ата-аналары келеді. Неге үлгерімі нашар, тәртібі қиын оқушылардың ата-аналарын қатарға тартпаймыз? Ата-аналарға айтарым, бір тойға кем барсаңыздар, бір көйлекті кем кисеңіздер, бір қонақтықтан қалсаңыздар да бала тәрбиесіне жете мән беріңіздер. Тәрбиені уыстан шығарып алсаңыздар қалпына келтіру оңайға түспейді, -деді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT