Орлының өзекті мәселелері қозғалды

(0 Votes)

Онлайн өткен Орлы ауылдық округінің өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беруінде округ әкімі Асқар Мұфтах жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім, денсаулықты сақтау, мәдениет пен спорт және басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Хабарлама тыңдалғаннан кейін тұрғындардан сенім жәшігіне және әлеуметтік желі арқылы түскен сұрақтарға жауап қайтарылды. Аудан әкімінің кеңесшісі Наурызбай Бисенғалиев таныстырған сұрақтарда округ тұрғындары Ж.Ерғалиев, С.Түймалиева, И.Қабдолов, Ф.Үмбетқалиева, М.Шайхиева, М.Матыбаев, Т.Матаев, Р.Елеусізова, Б.Жұмағазиев, А.Дүйсенов және басқалары шешімін күткен біраз мәселелерді көтерген.

Өзіне қатыстыларына берген жауабында аудан әкімі Қайрат Талапұлы:– Поштаны жабу мәселесі тек Орлыда ғана емес, Теңіз, Асан ауылдарында да туындауда. «Қазпошта» АҚ мұны пошта қызметін алушылардың азайып кетуімен, яғни, тұрғындардың коммуналдық және басқа да төлемдерді ұялы байланыс арқылы жүзеге асыруымен байланыстырады. Біз жергілікті пошта бөлімшесін сақтап қалуды өз тарапымыздан мәселе етіп облыс әкіміне қойдық. Қазір қаралып жатыр. Медпункте құрал-жабдықтардың болмауы жобасын жасаған кезде оған енбей қалуынан орын алып отырған жағдай. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұраныс берілді. Қазандықтары істен шығуына байланысты жөндеуге алынды, кері орнына қойылады. Сплит-жүйе мәселесін аудандық ауруханамен бірлесіп, шешуге жұмыстанамыз. Сыртындағы әжетхананы биыл салып береміз. Саз мектебіне келсек биылғы жылдан бастап білім мекемелері аудандық деңгейден алынып, облысқа берілген болатын. Сондықтан облыстық Білім басқармасымен бірлесіп, бұл жұмысты жүргіземіз. Орлы Халық театрының штатын көбейту де облыстық деңгейде шешілетіндіктен, бұл бағытта жұмыстанып хабарын жеткіземіз. Манаев мектебіне жөндеуін айтсақ жеке кәсіпкер мен мектеп директоры арасындағы келіспеушілікке байланысты сот процестері жүріп жатыр, сол біткеннен кейін жұмыстар жалғасын табады. Ауылішілік жол салуға 2018 жылы ЖСҚ жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, қорытындысы алынды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында оны бастаймыз. Тәуелсіздік көшесінің инфрақұрылымына ЖСҚ жасақтаймыз, сол кезде кірме жол ескеріледі. Мал өткелін ауылдың шығыс жағынан да салу жобаға енбей қалуы көп қиындықтар тудырып отыр. Біз қазір «Қазавтожол» мекемесімен жол үстінен мал өткелі белгілерін орнату жөнінде жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ошаған мәселесі барлық округтерге қатысты. Бұл бюджет арқылы емес, жергілікті округ әкімдерінің шаруа қожалықтарын тартуы арқылы бітетін іс,- деп шабындық жер алу туралы мәселе анықталып, жазбаша түрде жауабы берілетінін, 243 шақырым каналдарды тереңдетуге ЖСҚ жасақталып жатырғанын, осы жобаға енгізілетінін жеткізді.

Округ әкімі Асқар Зинетоллаұлының сұрақтарға берген жауабында, екі жыл бұрын Тәуелсіздік көшесіндегі 1974 жылы тартылған 7,6 шақырым электр желілері мен 235 соқалардың иесін анықтау жөніндегі мәселе сотқа берілгені айтылды. Оны «Атырау-Жарық» АҚ-ның жергілікті бөлімшесінің қарауына бермесе округте оны күтіп ұстауға штат та, қаржы да қаралмаған. Балабақша салу үшін ЖСҚ жасақтауға облыстық білім басқармасына ұсыныс жіберілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы 90 орындық балабақша салу жоспарға енгізілген. Орлыдағы су тазарту қондырғысын «Атырау су арнасы» мекемесі 5 жыл сенімді басқаруға алып, күніне 20 сағаттан су беруде. Тарифтің жазда 1500, қыста 1000 теңге болуы тұрғындар келісімімен іске асып отырған жағдай. Ашық стадион салуға жер актісі алынған, ендігі мәселе соған қаржы бөлуге тіреліп тұр.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT