Орлылықтарды көп мәселе ойландырады

(0 Votes)

Жергілікті әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру жиыны Орлы ауылдық округінде өтуімен жалғасып, ауыл басшысы Жандос Бектеміров көптеген мәселелерді қамтыған баяндамасын жасады.

- Тұрғындар тарапынан көптен өтініш етіліп жүрген  ауылдағы Х.Доспанова мен Тәуелсіздік көшелеріне 29 дана көше жарығы, «Қанжыға» беттегі үйлерге бірнеше диодты жарық шамдар орнатылды. Мұның барлығы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша мүмкін болды. Қорымға бөлінген «Қанжыға» учаскесіндегі 1 гектар жер учаскесі «Сұңқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қоршалды.  Сонымен бірге, алдыңғы кездесулерде айтылған Орлы және Алтыншы ауылға кешенді балалар ойын және спорт алаңдарының құрылысы жүргізіліп, жақын арада пайдалануға беріледі. Орлыдағы екі пәтерлі қызметтік тұрғын үй және Дәулеткерей балалар музыка мектебінің  бөлімшесі   ғимараты  ағымдағы жөндеуден өтті. Орлы ауылының бас жоспары бойынша 103 тұрғын үй салынатын жерге инженерлік-инфрақұрылым әзірлену үстінде. Қоқыс алаңшасын күтіп ұстау жұмыстарына бөлінген қаржыға жеңімпаз мердігер мекеме екі рет техникамен күреп тегістеді, жыл соңына дейін тағы бір рет жасалатын болады. Ауылішілік жол құрылысы жоба құнын қайта есептеу және қосымша өзгерістер енгізуге байланысты қазіргі уақытта тоқтап тұр, оңтайлы шешілген соң жұмыстар жалғасатын болады, - деген Жандос Мнафихұлы  округ бойынша электр энергиясымен қамту, өзекшелерге түп тереңдету сияқты жұмыстарға бюджеттік өтінім берілгенін айтып өтті. Аудан әкімі Абат Жанғалиев жыл басынан бері аудан бойынша шешімін тауып, жүзеге асырылған істерге, алдыңғы жиында айтылған мәселелердің орындалысына қысқаша тоқталды.

Екі әкімнің де есебі тыңдалған соң сауалдарға көшіп, тұрғын Теміржан Матаев ауылдың малдарын трассадан өткізу әлі де өткір тұрғанын, ескерту мақсатында қойылған бір мал макетінің аздық ететінін, бұралқы иттер көбейгенін еске салды. Сонымен бірге, бұралқы иттердің көптігіне, емханадағы көп кабинеттердің алдында киімілгіштің жоқтығына, жеделсатының барлығы бірдей істемейтініне назар аудартып, жолда жүру ережесіне қатысты полиция қызметкерлеріне бірқатар реніштерін білдірді. Аудандық әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Асылбек Мұфтахов, ауданның бас дәрігері Саида Зұлхашева, аудандық втеринарлық стансаның басшысы Жеткіншек Ажығалиевтар түсініктер беріп, арызданушының өтініші ескерілетін болды. Шаруа қожалығы иесі Асқар Сатыбалдиев «Болды» өзекшесіне қазіргідей құрғап жатқан уақытта эксковатормен болса да қазып «Сазды» арқылы су жетізу мәселесін көтерді. Бұған аудан басшысы облыста жаңадан бұрынғы мелиоративтік стансаның жұмысын атқаратын «Табиғат» атты мекеменің құрылғанын, түп тереңдетуге қажетті техника алғасын аталған жұмыстарды жасауға болатынын мәлімдеді. Ауыл тұрғындары Салахиден Сұлтанов халықты қымбатшылық қыса бастағанын, Атыраумен екі ортаға жолаушылар автобусын шығару қажеттігін, Исағали Рысқалиев ауылға жаңадан балабақша, жабық спорт кешенін салу, Мәлік Матыбаев ауыз су құбыры желісін қайта жаңғыртуға қаржы қарастыру қажеттігін, жайылымдық жерлердің тарылып, оның үстіне жылқы малы ерекше көбейіп кеткенін қаперге берді. Тұрғындар тарапынан басқа да мәселелер қозғалды. Олардың тілегін мұқият тыңдаған аудан әкімі А.Жанғалиев шешілу жолдарын айтты.  

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT