«Қарттарым – асыл қазынам» деп білген қазақ қоғамында қарттар үйінің болуы жүрекке салмақ түсіреді. Егде тартқан шақтарында ешкімге керек болмай қалған қилы тағдырлар қара басы қауқайып бөтен босағаны паналап жүр. Қарттықтан ешкім қашып құтылмасы анық, тек жалғыз қалудан сақтасыншы дейміз ғой. Осылай тағдыр теперішін көргендердің арамызда барын біліп, оларға жылы қабақ таныту, бірауық пәс көңілдерін көтеру мейірімділіктің белгісі
Жақында Нұрлан Өтегенов басқаратын «Өнерпаз» ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері аудан еріктілерінен құралған «Мейірімді жүрекпен» қайырымдылық қорымен (жетекшісі Ақдария Исағалиқызы) бірлескен түрде Атырау қаласындағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына қарасты мүгедектер және қарттар үйінде «Қарттарым аман–сау жүрсін» атты қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Қазіргі таңда мұңлы көздерге, өзекті өртейтін өкінішке толы бұл үйде 104 қария бар екен.
Мемлекет тарапынан қамкөңіл жандарға жағдай жасалғанымен жылы ұяның жетіспей тұратынын ішіміз сезгендей. Әйтсе де білдірген ықылас-ниетімізге, құрметімізге, ұсынған дәмімізге балаша мәз болып марқайып қалды. Ұйымдастырған концерттік бағдарламны көтеріңкі көңіл-күймен қабылдап, әнге қосылып, би билеп шат-шадыман риза болды. «Сыйласаңдар кәріңдіі, жарылқайды бәріңді» дегендей, бұл қайырымдылық ісіміз теңізге тамған тамшымен тең болғанымен қамкөңіл жандарға ерекше әсер етті деген ойдамыз. Халқымыздың үлкенді сыйлау, қамқорлыққа бөлу сияқты ізгі қасиеттері жасай бергей.
Әсел СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
«Өнерпаз» ауылдық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы