Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтердің қоғамдағы беделін арттыру бағытында биыл тың бастама қолға алынып жатыр. Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері «Ұстазға алғыс» апталығы аясында ұстаздар қауымына алғыс білдіріп, олар үшін мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Мақсаты – мұғалімдер күніне орай білім беру саласының дамуына үлес қосқан ардақты ұстаздарға құрмет көрсету, қоғамдағы мәртебесін арттыру, жас мамандарға үлгі ету. Министрлік қызметкерлері шараға келген сала ардагерлері мен педагогтарды қарсы алып, «Министрліктер үйі» ғимаратын аралатып, өздерінің жұмыс орындарымен, атқаратын функционалдық міндеттерімен, әріптестерімен және басшылық құраммен таныстырды. Одан әрі қатысушылар министрліктің 9-қабатында орналасқан «Ұстаздар галереясы» мен бұрынғы оқу-ағарту, білім және ғылым министрлерінің тақтасын тамашалады. Бұл – білім беру тарихының маңызын дәріптейтін экскурсия. Ұлттық өнер университетінің концерт залында салтанатты жиын жалғасын тапты. Осы шаралардың бәріне ауданымыздың Н.Манаев атындағы жалпы орта мектептің ардагер ұстазы, 40 жылға жуық саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Шакуова Лиза Ораққызы куә болды. Еліміздің әр өңірінен жиналған 120 ұстазды Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова атаулы күнмен құттықтап, министрлік атынан алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтердің қоғамдағы мәртебесін арттыру бағытында тың бастамалар қолға алынып жатыр. «Ұстазға алғыс!» апталығы – ұстаздарымызға деген ризашылығымызды білдіру мен құрмет көрсетуге арналған маңызды шара. Біз ұстаздардың еңбегін әрдайым жоғары бағалап, оларға ерекше құрметпен қараймыз», – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.
Ұстаздардың ұстазы атанған аталмыш шараға қатысу бақыты бұйырған Лиза Ораққызына да құрмет көрсетіліп, оған министрліктің Алғыс хаты мен естелік сыйлық табысталды. Ұзақ жылдар бойы білім саласында абыройлы еңбек етіп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздың еңбегі өлшеусіз. Елорданың төрінде лайықты марапатқа ие болып жатқан Лиза апайды құттықтай отырып, деніне саулық, отбасы амандығын тілейміз!
Айнагүл Күнұзаққызы