Ауданымызда күні-кеше әкімдер сайлауы өткені көпке мәлім.
Нәтижесі де газетімізде жарияланып, жеңіске жеткен сайланушылар жаңа қызметіне кірісті. Осыған орай, аудан басшысы Орлы ауылдық округі әкімі лауазымына сайлауда жеңіске жеткен Бектемиров Жандос Мнафихұлын жаңа орынға тағайындады. Жергілікті қоғамдастық мүшелері мен мекеме басшылары қатысқан жиында Марат Бисенғалиұлы, орлылықтардың ерекше белсенділігі үшін алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, сайлау қорытындысында Орлы ауылының әкімін сайлауда президенттік сайлауда да болмаған, ел тарихындағы көп дауыс берілгенін де тілге тиек етті.
–Өздеріңіз білесіздер, Жандос Мнафихұлы ауданымыздағы ең тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлердің бірі. 2013 жылдан бастап күні-бүгінге дейін аудан басшысының орынбасары қызметін атқарған болатын. Өз туған ауылының әкімі ретінде сіздердің үміттеріңізді ақтарына сенемін,-дейді Марат Бисенғалиұлы.
Сонымен қатар, аудан басшысы Орлы ауылының екс.әкімі Асқар Зинетуллаұлына да атқарған жұмыстары үшін алғысын айтып, жаңа қызметінде де ауданымыздың көркеюіне белсенді еңбек етеріне күмәнсіз екенін жеткізді.
Жаңа әкімнің тағайындалуына қатысқандар арасынан ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғманов сөз алып, бұрынғы әкім Асқар Мұфтахқа жасаған еңбегі үшін рахмет айтып, Жандос Мнафихұлынан көп үміт күтерін, ауылдастарының мұң-мұқтажы мен Орлының кемшіл тұстарын толықтыруда белсенді еңбек етерінен үмітті екенін айтып өтті.
Жиын соңында жаңа әкім Жандос Бектемиров: - артылған жауапкершілік пен сенімді өз деңгейінде ақтаймын,-деп уәде етті.
Жайдарлым Қайреден