Орлыдағы жол: Мердігер компания жол төсеуге асығар емес

(0 Votes)

Орлы ауылдық округі тұрғындарымен өткен жиында округ әкімі Жандос Бектеміров мұның алдындағы есеп беру кезінде түскен ұсыныс-пікірлердің орындалысынан хабардар етті.

– Ауылдағы газ құбыры жүйесін ұқыпты ұстау бойынша аудандағы газ шаруашылығы мекемесі директоры А.Сатановқа жылыту маусымы басталғанға дейін қолға алу жөнінде ұсыныс берілді. Жақын маңдағы жайылымдық жерлерді тұрғындар игілігіне қайтару тиісті заңдылыққа сәйкес аудандық комиссия шешімімен берілгендіктен мүмкін болмай отыр. Алдағы уақытта ондай жерлерге конкурс өткізілгенде жергілікті қоғамдастықпен келісу туралы ұсыныс тиісті бөлімге жолданды. Шөбеке көпірінен басталып, Тухлыйға жалғасатын өзекшені қаздыру ауданда қолға алынатын түп тереңдету жұмыстарының екінші кезеңіне кіргізу туралы берілді. Орлы ауылішілік жол құрылысын шұғыл бастау, бұрынғы көлдің табаны болған жерлерге дренаж салу мәселесі өкінішке орай шешімін таппай отыр. Бірер күндік жұмыстармен шектелетін мердігер мекеме - «Атырау Жолдары» ЖШС тарапына ескерту жасалғанымен күні-бүгінге дейін ешқандай нақты нәтиже жоқ. Марқұмдарды жерлейтін «Қанжыға» учаскесінен белгіленген жерді қоршауға қажетті 8270,0 мың теңгеге бюджеттік сұраныс жолданды. Округ  теңгеріміндегі тракторға арнайы аспалы тиеу агрегатын (ПФН-188-01) сатып алу    үшін    де 1620,0 мың теңгеге бюджеттік сұраныс берілді.

Хабарлама тыңдалған соң ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исағали Рысқалиев сөз алып, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмысы не себептен жүрмей жатқанын, зейнеткер Райхан Қамиева ауыл ішін, әсіресе жаға бойын  ошаған қаптағанын айтып, оны шабуды ұйымдастыруды өтініш етті. Тұрғын Сайфолла Жанғалиев «Атырау-Жарықтың» аудандағы басшысына ауылдың батыс бөлігіне су жаңа трансформатор қондырып бергені үшін тұрғындар атынан алғысын білдірді. Зейнеткер Амангелді Қартжанов көлік жүргізушілерінің ауыл ішінде қатты жылдамдықпен жүретінін, мал өлекселерінің біразға дейін жиналмай жататынын еске салды. Ал Теміржан Матаев болса, Манаев орта мектебінің жөндеуі қашан бітетінін, директор тағайындау мәселесін сұрап, ауыл көшесіне жарық орнатылса, балалар ойын алаңы салынса деген тілегін қоса жолдады.

Тұрғындармен болған жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов балалар ойын алаңдары алға қарай жай ғана емес, бірнеше спорттың түрлерін қамтитын кешендік алаң ретінде салынатынын қаперлеп, бірқатар елді мекендерге сондай алаңдар салу үшін жобалық құжаттары дайындалып жатқанын, оның ішінде Орлы ауылдық округі де бар екенін жеткізді.  Ал, жыр болған жобалық құны 800,49 млн теңге болатын ауылішілік құрылысын өз дәрежесінде жүргізбеген мердігер мекемеге шара алынатынын мәлімдеді.

Округі әкімі Ж.Бектеміров қаптап өскен ошағанды шабуға жеке кәсіпкермен келісіліліп, қолға алынатынын, мектеп директоры лауазымына лайықты үміткер табылмай тұрғанын айтып, ауыл тазалығына тұрғындар да атсалысуы қажеттігін, әр мекеме өз ғимараттары айналасын абаттандыруға міндеттілігін құлаққағыс етті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT