Орлы ауылдық округінде жыл сайын дәстүрге айналған кіші аяқ добынан (футболдан) аула командалары арасындағы турнир осы жылы да өткізілді.
Жарысқа 12 команда (1987 жыл, 1988 жыл, 1990 жыл, 1993 жыл, 1994 жыл, 1995 жыл, 1997 жыл, 1999 жыл, 2002 жыл, 2003 жылғылар және Ардагерлер мен Еркін құрама командалары) қатысып, қай қай команда да өз дәрежесінде өнер көрсете білді. 15 маусымда басталған турнир 10 күнге созылып, 24 маусым күні өз мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша ауыспалы кубок, яғни І орын 1997 жылғы командаға, ІІ орын 1995 жылғы командаға және ІІІ орын 1999 жылғы командаға бұйырды. Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша Шамаров Марат «Үздік сұрмерген», Мұхтаров Дастан «Үздік шабуылшы», Рамазанов Есқабыл «Үздік қорғаушы», Сапашов Диас «Үздік қақпашы» атанды.
2021 жылғы кіші аяқ добынан өткізілген турнирге қатысушы барша командаларға, ұйымдастырушы белсенді жастарға және спорт жанашыры Сисенғалиев Төремұрат ағайымызға ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Ауылымыздағы жастары әрқашан ұйымшыл болып, спортта әр кез аудандық және облыстық деңгейдегі жетістіктерге жете бергей.