Орлыда өткен ат бәйгесі

(0 Votes)

Қазақтың «қанатты қызы» Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай аудан әкімдігінің қолдауымен, Құрманғазы ауданының белсенді атбегілерінің ұйымдастыруымен және Орлы ауылының кәсіпкерлерінің демеушілігімен ұлттық ат спорт түрлерінен жарыс өтті.

Орлы ауылының шығыс жақ бетіндегі алаңда өткен дүбірлі додаға жергілікті аттармен қоса, Жылой, Индер аудандарынан да шашасына шаң жұқпайтын жүйріктер қатысып, тай, құнан, аламан бәйгенің көрігін қыздырды. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Г.Хасанова және батырдың немере інісі Ә.Бисенов ұйымдастырылған шараның маңызына тоқталып, шабандоздарға сәттілік тіледі.

img-20220530-wa0120

Тай жарысына 13 жүйрік қатысып, 4 шақырымды көз ілеспес жылдамдықпен әп сәтте аяқтады. Мәренің сызығын бірінші болып орлылық Бимағамбетов Сәрсенғалидің «Тентекқарасы» кессе, екінші болып құрманғазылық Аманжол Айбектің «Секреті», үшінші болып жылойлық Төлепов Ренаттың тайы келді. Құнан бәйге жарысына тоғыз ат қосылды. Үш айналысты, яғни 6 шақырымды еңсеруге тырысқан құнандар бірінен-бірі оза жарысты. Бұл жолы жергілікті аттардың бағы жанды. Ақкөлдік Зайсанбек Ғалиденовтің құнаны бірінші болып келсе, ақкөлдік Ерсайын Қасимовтің екінші, қызылобалық Диас Ешмұратовтың үшінші болып жетті.

img-20220530-wa0123

img-20220530-wa0125

img-20220530-wa0122

Жарыстың ең қызығы 18 шақырымдық аламан бәйге болды. Ат десе делебесі қозатын ағайындар аттар көрінгенде жер-жерден айқайлап жатты. Кіл жүйріктер сыналатын жарыста бәйгеге қосылған шабандоздарда намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, тоғыз айналысқа жіберілген тұлпарлардың кейбіреулері жарыс жолынан шығып жатты. Бірақ, «бәйгеде тек жүйріктер озады» дегендей, олардың алды суырылып келе бастады. Аламан бәйгеде ептілігі мен шыдамдылығын көрсеткен жылойлық Амандық Талбаевтың сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кессе, қызылобалық Ерболат Ғаббасовтың жүйрігі екінші, сафондық Бауыржан Жұмақашовтың аты үшінші болып келді. Аламанның бас жүлдесіне 500 мың теңге тігілді. Қалған жарыс түрлеріне де ақшалай сертификаттар ұсынылды. Тай мен құнан жарысындағы төртінші және бесінші орындардың шабандоздары да жүлдесіз қалмады. Атырау облысы ұлттық спорт федерациясының басшысы Жанбалаев Асыланбектің алғыс хаты бәйгенің өтуіне демеушілік жасаған жергілікті кәсіпкерлерге табысталды.

img-20220530-wa0124

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT