Орлыда пошта бөлімшесінің жабылмағанын қалаймыз

(1 Vote)

Орлы ауылындағы «Қазпошта» АҚ-ның бөлімшесі бұған дейін тұрғындарға қызмет көрсетіп келді.

Үлкен кісілер зейнетақысын, басқа адамдар жәрдемақысын содан ала қоятын. Анда-мында шапқыламайтын. Енді бұл бөлімше жабылып, тек газет келетін күндері ғана ашылатын болыпты. Бұл біз үшін тиімсіз.

Аудан орталығындағы банктің де, поштаның да банкоматтарында зейнетақы, жалақы түсетін күндері халық көп болады. Оған барып, сарылып кезекте тұруға денсаулығы дімкес үлкендеріміздің жағдайы тарта бермейді. Әрі, екі-үш күнсіз оған жақындай алмайсың. Өйткені, барлығы да сол ақшаның түскенін күтіп жүреді ғой. Себебі түсінікті, көп адамдардың дүкендерге беретін қарыздары, коммуналдық қызметтердің төлемдері бар. Қарапайым адамдар аз ғана жалақы және зейнетақымен келесі айға әрең жетеді. Аудан орталығына да көлік жалдап бару қажет.

Қазір індет саябырсымай тұрған уақыт. Карантин талаптарын сақтаңдар деп жатыр. Олай болса біз неге банкоматтардың алдындағы онсыз да аз емес кезекті одан сайын көбейтуіміз керек. Аналар да балаларын үйден оқытып отыр. Сағаттап кезекте тұрса олардың ас-суын кім дайындап, сабағын қалай қарайды? Бір жағынан осыны да ойлаған жөн. Сондықтан ауылымыздағы пошта бөлімшесінің жабылмағанын, бұрынғыша қала бергенін қалаймыз. Осыны жауапты мекемелер ескеріп, тұрғындардың тілегімен санасса дейміз. Оңтайландыру дұрыс шығар, бірақ, ол басқалардың мүддесіне нұқсан келтірмегені жақсы. Акционерлік қоғам жеке меншік нысанға жатқанымен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің оған қатысы бар деп ойлаймын. Мемлекет басшысы да халықтың аз қамтылған тобын, зейнеткерлерді қамқорлауды тапсырып отыр.

Райхан Қамиева,

Орлы ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT