Орлы ауылдық округінің әкімі Жандос Бектеміров өткен жылы атқарылған бірқатар жұмыстарды, жеткен жетістіктерді тізбектеді.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда мал басында өсім бар. Өсімді негізінен шаруа қожалықтарындағы төрт түлік құрап отыр. Қыстаққа түсетін малға 8 мың тонна мал азығы әзірленген. 148 адам жер кезегінде тұрса, 110 жер учаскесін беруге жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. 1020 адам вакцина алады деп жоспарланып, 1103-і екпемен қамтылды. Ауылдағы балабақша тарлық етуіне байланысты жаңа 120 орындық бөбекжай салу жоспарға енгізілді, - деген хабарламашы проблемалық мәселелерді де тілге тиек етті.
Жарыссөзге шыққан ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғманов 1970 жылы салынған Н.Манаев орта мектебі 30 жылдан кейін 2018 жылы күрделі жөндеуге қолы жеткенін, алайда, осы уақытқа дейін жұмыс толықтай аяқталмағанына, жосықсыз деп танылған мердігерге әлі күнге соттың шешімі шықпағанына ренішін білдірді. Сонымен қатар, аталмыш мектепте 14 жылда 8 директор ауысқанын, қазіргі күні жылға жуық директорсыз отырғанын айтып, бұл өткір мәселе қашан ретке келтірілетінін сұрады. Ауыл шығыс жақ бетіндегі Тәуелсіздік көшесінде түн болса жарық сығыраятынын айтып, қосымша трансформатор орнатудың қажеттілігін жеткізді. Ауыл тұрғындары Болат Сахметов, Теміржан Матаев өз сұрақтарында «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы басталуы тиіс ауылішілік жол, спорт алаңдарын салу сынды тұрғындар үшін ортақ мәселелерді көтерді. Өйткені, қар, жаңбыр жауса, жүру қиындайтынын, балалар тіпті мектепке қатынаса алмайтындарын жеткізді. Шаруа қожалық иесі Асқар Сатыбалдиев 20 шақты шаруа қожалығы отырған Батаға учаскесіндегі бітеліп қалған каналды ашуға ықпал етуді сұраса, Теңіз ауылы жақтағы жаға бойындағы қоршаулардан мал су іше алмай отырғанын айтты. Тыл ардагері Салауат Мүстиев, зейнеткер Райхан Қамиева, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исабай Рысқалиев дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасындағы тұрақсыздық, ошағанды жою, такси бағасы, поштаны ашу мәселелерін қозғады. Ардагер ұстаз Амангелді Хилауов Манаев атындағы орта мектепте оқушылар саны жылдан-жылға азайып бара жатқанына алаңдаушылық танытып, мұның себебі, демографиялық өсімнің жоқтығынан емес, ата-ана білім ошағына көңілі толмағандықтан баласын орталықтағы мектептерге апарып оқытып отырғанымен байланыстырды.
- Ауылішілік жол бойынша нақты жұмыстар биыл басталады. Қосымша қаражат облыстық трансферттен бөлінеді. Жұмыстың қарқылығына қарай қажетті қаржыны бөлгізуге өзім ықпал етемін. Спорт алаңдары Каспий, Алтыншы ауыл елді мекендеріне салынады. Пошта бөлімшесін ашу жөнінде облыстағы басшысымен тағы да сөйлесіп, оны шешуге тырысамыз,- деген аудан әкімі Марат Мурзиев жиында көтерілген сұрақтарға жауап қайтарды.