Ораза тұтқан жан білуі тиіс

(0 Votes)

Айлардың сұлтаны Рамазан айын әрбір мұсылман асыға күтіп, оны жүрегімен түсінгені жөн.

Аллаһ Тағала Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінің 183-ші аятында: «Ей, иман келтіргендер! Сіздерден бұрынғыларға парыз болғандай,  сіздерге де ораза парыз болды»,-деп аят келтіреді. Демек, әр мұсылман бұл аятқа қарап, ораза тұтуы парыз боп қалады екен. Оның тарихына зер салсақ, ораза пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мединаға хижрат қылып, қоныс аударғаннан кейін,  тарихшылардың сөзінше, ораза 18 айдан соң парыз болған. Содан соң Алла елшісі (с.ғ.с.) өмірінде тек тоғыз жыл ораза тұтыпты. Оның бесеуін 29, қалғанын 30 күннен тұтқан.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кейбір ораза бар, Жаратқанның алдында құрдан-құр аш жүргеннен басқа еш нәрсені таба алмайды»,-дейді. Өйткені, оразашы адамдардың уақыттың сыйын қашырып, оны ұйқымен өткізіп, ауызашар уақытында тамақты опырып жеп жүргенін көзіміз көріп жүр. Көбі бұл айда рухани дамуды қолға алмастан,тек шәй-тамақтан өзін-өзі тосып, қинап, аш жүруді – ораза деп түсінеді. Солай қателесіп, қасықтап жинаған сауаптарыңызды, кейін шелектеп төгіп жүрмеңіз. Ораза – өзінің ішінде  мән мен мағынаға бай құдіретті құлшылық. Ол адамды сабырлыққа, күнәдән тыйылуға тәрбиелейді. Ойлап көріңізші, алдыңыздағы тамағыңыз адал. Алайда, Рахым иесінің бұйрығымен сол азықтан баз кешуіңізге тура келеді. Қандай халал нәрсе болса да, өзіңізге тоқтам саласыз. Себебі, бұйрық сондай. Бұл әмірге бас иіп, бірақ арамнан бойды аулақ ұстамаған болсаңыз, «оразаның» сыйын кетіресіз. Біреуді ғайбаттап, сыртынан сөйлеп, басқаға өтірік айтып, баяғы күнәсінан тыйылмау –  қасиетті айдың мәнін түсінбеген жұмырбастының ісі. Адамның таң атысы, кеш батысы ұйықтап жатуы оның амалына нұқсан келтіреді. Ауыз бекіткен адам күнделікті тіршілігін қаз-қалпында сақтап, оның үстіне «ораза» деген жүкті артып алуы керек. Міне, сонысымен Тәңірдің  алдында ұлы болмақ.

Ораза тұтқанымызбен, көбіне қай жағдайда бұзылып, қайткенде бұзылмайтынын ескере бермейміз.  Арнайы серперлік оқырмандар үшін осы турасында  ҚМДБ мамандарының берген пәтуасымен бөлісуді жөн көрдім.

Оразаны не бұзбайды? 

 - Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;

-  Әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;

- Әйеліне қолын тигізбесе де оған қараудан немесе шәһуәтын қоздыратын жағдайларды ойлап мәни шықса;

- Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру;

- Аузына келген қақырықты жұту;

- Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;

- Құлаққа су кіру, бұлық ағу;

- Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе;

- Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту;

- Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі;

- Қан алдыру немесе сүлік салдыру;

- Көзге дәрі тамызу;

-  Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуу;

- Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;

-  Ауыз бен мұрынға су алып шайқаған кезде тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;

-  Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу кезінде су жұтып қоюдан сақтануы керек.

Оразаны не бұзады? 

 - Әдейі бір нәрсені жеп-ішу;

- Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;

- Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту; Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».

- Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);

- Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады. Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. (Каффарат деп – рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады). 

Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан Жаратқан құлдары, әдеп ілмес пенделердің өзіне жасаған небір сорақы іс-әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне «Мен оразамын» деген жалғыз ауыз сөзбен тоттау салып, сабырға шақырған жөн. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған адамның өзі де терең ойға шомып, тәубесіне келеді. «Шыдамдының өзі ащы, бірақ жемісі тәтті». Оразаңыз қабыл болсын, сүйікті оқырман!

 

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT