Оразаң қабыл болсын ұстаған жан!

(0 Votes)

Рамазан – айлардың сұлтаны, күн мен түн тұтастай Алланың рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы – Рамазан.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері ұстасын» (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген. Бұл аяттар ораза тұтуға мүмкіндігі жететін барлық мұсылман баласына аталған амалдың парыз екенін білдіреді.

Барша мұсылман баласы бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін аулақ ұстап, жақсы амалдарды көбейтеді. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылмандық парыздардың бірі. Шариғатта ораза екі түрге бөлінеді. Біріншісі – парыз ораза. Ол – осы Рамазан айында келетін ораза. Екіншісі – нәпіл ораза. Бұған Рамазан айындағы оразадан басқа барлық қосымша ораза кіреді.

Биылғы Рамазан айы 11 наурызда басталды. Ал сәуір айының 5-інен 6-сына қараған түн – қасиетті Қадір түні. Мұсылман қауымы үшін қадірлі оразаның аяқталғанын білдіретін ұлық мейрам - Ораза айт 11 сәуір күні болады. Мітір садақаның жан басына шаққандағы мөлшері – 640 теңге. Оның мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Пітір садақа Рамазан айында беріледі. Оны Ораза айт намазына дейін беру керек. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады.

Оразаны алғаш рет ұстауға ниет еткен адамдар сәресі мен ауыз ашар дұғасын білмесе, сәресіде «Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім» деп; Ауызашарда «Жаратушы ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім. Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, Кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнәмді кешіре көр!» деп дұға қылуға болады.

Кімдерге ораза ұстамауға болады? Шариғатта қасиетті айда ораза тұтуды кей жандарға кейінге қалдыруға рұқсат етеді. Олар: жолаушылар; науқас адамдар; жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер. Сонымен қатар, індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер және басқа да мамандық иелері ораза ұстау­ға шамасы жетпесе, кейінге қалдыра алады. Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің және балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауына болады. Бірақ кейін қазасын өтеуі керек. Сосын Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.

Қадір түнінде Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам алдын ала дәрет алып, таза киім киіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс. Өйткені, бұл түн мың айдан да қайыр­лы саналады. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар делінеді. Мұсылман қауымының Қадір түнін асыға күтудегі тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Бұл түні адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтуға, ішімдік ішуге, жанжалдасуға, дауласуға болмайды. Достармен көңіл көтеріп, ән айтуға, билеуге, сауық кештерін ұйымдастыруға тыйым салынады. Теледидардан ойын-сауық бағдарламалары мен фильмдерді де көруге болмайды. Оның орнына тәрбиелік мәні бар дүниелерді тамашалаған дұрыс. Қадір түнінде түні бойы дастарқан жайып қою шарт емес. Мұсылмандар бұл түнді құлшылық етіп, шын жүректен өкініп, күнәлары үшін кешірім сұраумен өткізуге тиіс. Таңға дейін Қасиетті Құран кітабын оқып, дұға жасаған абзал.

Ораза айт күні таңертең сәресі ішілмейді, күндіз ауыз ашық болады. Ораза айт дастарқан жайып, дәмнен ауыз тиетін күн болғандықтан, Ораза айттың бірінші күні ауыз бекітуге тыйым салынған. Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне «Ораза айт қабыл болсын» деп жылы лебіздерін білдіреді. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады. Сонымен қатар Ораза айт мерекесінде тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қол ұшын созған абзал.

Оразадан оразаға аман жетейік. Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла Тағала елімізге, жерімізге берекесін, мол ризығын жаудырғай!

Айбек Нәжімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT