Ораза айында сауапты іс жасады

(0 Votes)

Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Жасарал елді мекеніндегі жолды жылда өр суы келгенде жартылай су басады.

Бұл өз кезегінде Хиуаз ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке қатынап оқитын балаларға біраз қиындық туғызады. Осыны ескерген округ әкімідігі  2016 жылы үкіметтің қаржысына 200 «Камаз» топырақ төктірген еді. Содан кейін жолымыз біршама жақсарды. Балалар мектепке еркін қатынай бастады. Бірақ, сол топырақ отырып, биылғы жылы оны тағы да су басу қаупі туындады. «Жолымызды су шайып кетіп, балаларға қиын болады-ау», деп алаңдап жүргенбіз. Округ әкімінің оны жыл сайын көтере беруге мүмкіндігі шектеулі. Бәрі қаржыға, техникаға тіреледі.

«Жақсының жақсылығын айт» деген ғой, жақында округ әкімшілігінің ұсынысымен «Жайық» шаруа қожалығының жетекшісі Аян Марданұлы көмек қолын созып, өз қаражатына жолымызды көтеріп берді. Бірнеше «Камаз» саз бен топырақ төгіліп, ол трактормен жазылып, биіктетілді. Қасиетті Рамазан айында сауапты іс жасап жатырған азаматқа Жасарал елді мекені халқының атынан ризашылығымызды білдіреміз. Жасаған жақсылығың алдыңнан шықсын, еңбегіңнің жемісін көр деген шынайы ниетімізді жеткіземіз. Қара басының қамымен шектелмей, халыққа көмегін көрсетуге әзір тұратын осындай кәсіпкерлеріміздің қатары көбейе түссе нұр үстіне нұр болар еді. Аянның бұл ісі басқаларға үлгі болсын деп қолымызға қалам алдық.

Н.Сабиров, Х.Молдағалиев, М.Қисаев, округ тұрғындары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT