Оралханды ортамызға оралтты

(0 Votes)

Қыркүйектің 28-ші жұлдызы күні дарынды қаламгер, қазақ әдебиетінің өшпес із қалдырған көрнекті өкілі, ақын, жазушы, журналист, драматург Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толып отыр. 

Осыған орай Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі оқырмандар арасында «Қара сөзбен жырлайын» атты көркемсөз оқуы байқауын ұйымдастырды. Ақкөл ауылдық округінде өткен дәстүрлі байқауда Мақаш, Қошалақ, Теңіз, Ақкөл, Көптоғай, Дыңғызыл, Шортанбай, Нұржау, Бірлік ауылдық кітапханаларының 10 жас оқырмандары бақ сынады. Шараға аудандық орталық кітапхана жүйесінің директоры Анар Мусина, орынбасары Гүлден Хамзина, кітапханашылар, ауыл тұрғындары қатысты. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың әдіскері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ақмоншақ Садықова байқауды ашып, шарттарымен таныстырды.

Қатысушылар шараның «Асқар Алтайдың асқақ жыршысы», «Көрінуші ең көнелердің көзіндей, жазғандарың қара өлеңнің сөзіндей» атты бөлімдерінде Оралхан Бөкейдің прозалық туындасынан, драмалық шығармасынан үзіндіні жатқа оқудан жарысқа түсті. Жақсы шыққандарынан бір-екі мысал келтірейік, Ақкөл ауылдық кітапханасының оқырманы Аянат Қадыржанова екі бөлімде де жазушының шығармаларын шақышына келтіріп, образға еніп жеткізгені сондай, оқып емес, рөлде ойнап тұрғандай сүйсінтті. 9 сынып оқушысынан болашақта өнер жұлдызы, кино немесе театрдың актрисасы шығатынын көргендейміз. Сол сияқты, Бірлік ауылдық клубының қызметкері Кенжегүл Кемал Оралханның драмасындағы екі әйелдің арасындағы әңгімені микрофонның біресе оң, біресе сол жағына шығып жатқа орындады. Образға еніп, екі түрлі дауыспен айтқанда екі әйел қарама-қарсы тұрып сөйлескендей әсер қалдырды.

Әділқазылар алқасының төрағасы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлығайын Нұғыманов байқауды қорытындылап, қатысушылардың өнеріне лайықты бағасын беріп, марапаттар табыс етті. Бас жүлдеге Ақкөл ауылдық кітапханасының оқырманы Аянат Қадыржанова лайық деп табылды.

І орын Көптоғай ауылдық кітапханасының оқырманы Айбибі Әділбиқызына берілді. Бірлік, Мақаш ауылдарынан қатысқан Кенжегүл Кемал мен Гүлназар Жасталапова ІІ орын алды.

ІІІ орынды Нұржау, Дыңғызыл, Теңіз ауылдық округтерінен қатысқан Сымбат Салауат, Ақерке Қанатқалиева, Тахмина Урақ иеленді. Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT