Он жобаға грант берілді

(0 Votes)

Құрманғазы аудандық мансап орталығында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның жаңа құрамының отырысы өтті.

Бұл жолы оған қайтарымсыз қаражат алудан үміткер 35 адам қатысты. Әрқайсысы тізімдегі кезек бойынша кіріп, өздерінің бизнес-жобаларын түсіндірді. Олардың ішінде көп балалы аналар мен әкелер, еңбекке жарамды мүгедек адамдар да болды. Комиссия төрағасы Ерлан Хисметуллин, комиссия мүшелері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов, аудандық мансап орталығының директоры Алихан Өтепқалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Зоя Жағыпарова олардың жобаларын мұқият тыңдап, соған қатысты өз тараптарынан сауалдар қойды.

Жобалар негізінен ірі қара, қой, жылқы, құс, жылыжай, бал өндіру шаруашылығына, автокөлік жөндеу, кондитерлік, тігін ісі, шаштараз, бет әрлеу орынын ашуға қатысты болды. Солардың арасынан қолдауға лайық, аудан үшін маңызды және жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталғандары комиссия мүшелері арасында дауысқа салынғанда бірден қолдау тапты. Алайда, кейбір үміткерлер оны жасағанда қате жіберген немесе бұған дейін қатысқанда өтпеген жобасының дұрысталған нұсқасын базаға салмаған. Мысалы, үш сиырдан айына 400-500 мың теңгенің өнімін аламыз деген ақылға қонбады. Есептеуде қате кеткен, оны қарап, тексерместен комиссияға ұсынған. Өз жобаларын қорғай алмағандар да кездесті. Үміткерлердің кейбірі сол саладан хабарсыз, грант алғаннан кейін 2-3 айда оқып алатынын жеткізді. Оларға жобаны жүзеге асыру үшін үш ай уақыт берілетіні, олай етпеген жағдайда грант кері қайтарылатыны түсіндірілді. Нәтижесінде комиссия мүшелерінің шешімімен 10 жоба грантқа лайық деп табылды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT