Құрманғазы ауылдық округінде кейбір көшелерде түнгі жарық жоқ екені жиі айтылып жүрген, шешімін күткен мәселе.
Осыған орай округ әкімдігінің ұйымдастыруымен бірнеше көшеге түнгі жарық тартылып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.Өткен жылы тамыз айында басталған бұл жұмыс қараша айында толықтай аяқталды. Бұл туралы аталған округ әкімі аппаратының бас маманы Нұрболат Қайырмеденов хабарлады.
Атап айтсақ, 14 көшеге тартылған көше жарығының жалпы ұзындығы 7416 метр. Оның құрылысына 314 дана электр бағаналары, 238 ЛЭД жарық шамдары, 13 есептегіш құрал пайдаланылған. Жаңадан тартылған көше жарығы сол жерде тұратын үйлердегі 1654 адамды қамтиды. Сонымен қатар жобада қаралмаса да, округ әкімінің бастамасымен Ақан сері, Дәрібай Айтжанов, Жәлел Ниғыметов және Майра Қабдолқызы көшелерінде де жарық шамдары жарқырады. Бұған дейін күн батса қараңғылық құшағына кіретін көшелердің бұл өзгерісіне тұрғындар да дән риза. Енді қысты күні түнде келе жатып тайғақта сүрініп кетіп, жарақат аламыз немесе балаларымыз қараңғыға қалмаса екен деп алаңдаудан құтылды. Бастысы осы шамдарды сындырмай күтіп ұстаса игілігін ұзағанын көрері анық. Аталған жұмыста атқарған мердігер мекеме «Жайық Сити» ЖШС.
Қанат ҒҰМАРОВ