Жерлесіміз, ақын-жазушы Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 115 жыл толуына орай Құрманғазы аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі «Өлең өлкесінің жыр тарланы» атты аудандық көркемсөз шеберлерінің онлайн байқауын ұйымдастырды.
Мақсаты – қазақ қаламгерлерінің мұрасын насихаттау, жергілікті жерден шыққан танымал адамдардың туындыларына жастар мен көпшіліктің ықыласын арттыру арқылы көркем әдебиетке деген қызығушылығын ояту. Байқауға он екі округтен 14 пен 25 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Олар Ә.Сәрсенбаевтың поэзиясы мен прозасынан үзінділерді жатқа оқыған бейнежазбаларын жолдапты.
Әділқазылар алқасы оларды саралап, үміткерлердің жатқа оқу мәнерін, сахналық бейнесін, бейнежазбаның сапасын бағалады. Кейбір қатысушылардың бейнежазбасының сапасы нашар болса, енді бірі байқау шартына сай жатқа айтып емес, оқып тұр. Соның өзінде әп-әсем өлеңнің мәтінін бұзып жібергендер кездесті. Байқау болғаннан кейін оған жан-жақты дайындалу керектігін ескермей өлең оқытып, бейнежазбаға түсіріп жібере салған. Он екі қатысушының ішінен І орын Бірлік ауылдық округінен Мақсот Қайырбековке бұйырды. Нұржаулық Гауһар Мәжеденова екінші, көптоғайлық Гүлмарал Өтегенова үшінші орынға ие болды. Қалғандары байқау дипломдарына лайық деп табылды.
Қанат ҒҰМАРОВ