Елімізде Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы бойынша жүргізілетін құрылыс жұмыстарына жергілікті жерден мамандарды тарту жақсы жолға қойылып келеді.
Осы бағдарлама аясында күрделі жөндеуі өткізілетін Сүйіндік орта мектебі жанындағы интернаттың жұмыстарына да ауыл тұрғындары қатыстырылатын болады. Жарияланған тендерде жеңімпаз деп танылған мердігер мекеме – «Игілік» ЖШС әлеуметтік нысан басынан 24 жаңадан жұмыс орнын ашты.
Осы орайда Құрманғазы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері рекруттық мобильді топ құрамында аудан орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан Сүйіндік ауылында болып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп қайтты. Жұмыссыз жүрген бірнеше ауыл тұрғындары түйіндемелерін тапсырып, өтініштерін білдірді. Орталық директоры Базарбай Өтеулиев жәрмеңке қорытындысымен жөндеу жұмыстарына қажетті 4 сылақшы, 6 бетоншы, 2 ағаш шебері мамандығына округ есебінде тіркеуде тұрған жұмыссыздар есебінен алынғанын хабардар етті.
– Бағдарламаның шарты бойынша жұмыс атқарушы мекеме қажетті мамандардың 50 пайызын жергілікті жерден алуға міндетті. Осыған сәйкес, 12 сүйіндіктік тұрғын уақытша жұмысқа орналасты. Олар енді жөндеу жұмысы толық аяқталғанға дейін осында еңбек етеді, айына кемінде 85 мың теңгеден алуға мүмкіндіктері бар. Жаңадан жұмысқа орналасушыларға қажетті 086 – медициналық анықтамасы бізбен бірге келген аудандық орталық ауруханының қызметкерлерімен сол бойда тексеруден соң берілді. Құжат толтырамыз деп ауданға сабылмайтын болды, - деп бірлескен топтың ойластырылған тиімді жұмысын атап өтті.
Айта кетер жайт, құрамында 11 білікті маман дәрігері бар бригада Азғыр өңірінің елді мекендерін аралап, тұрғындарды рентгенге түсіріп, кешенді дәрігерлік бақылаудан өткізді.
А.НӘЖІМОВ