Астана қаласында 21-24 ақпан аралығында «Academy Cup» республикалық ашық турнирі өткен болатын. Аталмыш турнирге еліміздің әр өңірінен спортшылар қатысып, бақтарын сынады. Солардың қатарында құрманғазылықтар да бар.
Төрт күнге созылған турнирде спортшыларымыздың қол жеткізген жетістіктері мақтануға тұрарлық. Елордаға барған сапарларында ауданымыздың мерейін асқақтатқан жас таеквондошылармыз ерледі. 11 алтын медальді мойындарына тағып, аудан спортының еліміздің өзге өңірлерінен асып түспесе, кем соқпайтынын дәлелдеді.
«Academy Cup» республикалық ашық турнирінде алтын олжалаған жас спортшылармызды атап көрсеткенді жөн санадық. Себебі, жеңіс оңайлықпен келмейді. Оның артында үлкен еңбек, төккен тер жатыр. Алтынмен апталған ұл-қыздарымыз – Ерасыл Ермек, Айқын Ауезов, Дияр Талап, Шыңғысхан Болат, Алижан Сырымжанұлы, Исабек Мұрат, Мүслім Мажит, Нұрбанусұлтан Нұрлығайынова, Еркеназ Сатыбай, Ботакөз Қалығұл, Гүлбақыт Сүгірәлиева. Спортшыларды осы сайысқа дайындаған Құрманғазы балалар жасөспірімдер спорт мектебінің таеквондо бөлімінің жаттықтырушысы Елеусинов Есбол Бақтыгерейұлына айтарымыз абырой-беделіңізді асқақтатар осындай шәкірттеріңіз көбейе берсін!
А.Шакупова