Құрманғазы аудандық жұмыспен қамту орталығында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Жалпы мемлекеттік грант беру қағидаларына сай, бұл қайтарымсыз қаражат – отыз бес жасқа дейінгі, аз қамтылған отбасы мүшелеріне, көп балалы отбасыларға, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақыларды алушыларға, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандарға тиесілі. Гранттар қаражаты кәсіпкерлік қызметті бастауға ниетті адамдарға оған қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді сатып алуға, ғимараттарды жалдауға беріледі. Алайда, бұл қолға ұстатып жібере салатын сұрауы жоқ ақша емес. Оның мақсатты жұмсалуы тексеріледі. Олай болмаған жағдайда кері қайтарылады. Комиссия отырысына 82 грант алудан үміткеркерлер қатысып, әрқайсысы тізімдегі кезек бойынша кіріп, өздерінің бизнес-жобаларын түсіндірді. Олардың дені көп балалы аналар мен әкелер, мүгедектігі бар адамдар. Бизнес жобалар мал шаруашылығымен қатар, полифасад жасау, сұлулық салонын ашу, кондитерлік өнімдер өндіру, жартылай шикізаттармен жұмыс, клинингтік қызмет, тігін ісі және т.б. төңірегінде жасалыпты. Айта кетер жайт, кейбір жобаларды жасағанда алынатын малдың құны белгіленген шектік бағамен салынбаған. Сонымен қатар, өндірілетін тауардың кірісін есептегенде қателік кеткен. Басқа да осындай олқылықтар бар. Қатысушылардың кейбірі өзінің бизнес-жобасын басқа біреуге жасатып, ішіндегісін оқып, дұрыс таныспағандықтан комиссия мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтара алмады. Біреулерінде жіберілген қате екіншілерінде де қайталанған.
Таңертеңнен кешке дейін созылған комиссия отырысында Асан, Дыңғызыл, Еңбекші, Жаңаталап, Көптоғай, Кудряшов, Құрманғазы, Мақаш, Сафон, Теңіз ауылдық округтерінен 15 адамның жобасы грантқа лайықты деп табылды. Оның ішінен 11-і көп балалы отбасылар, 2-сі ІІІ топ мүгедектігі бар адамдар, 2-сі мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар санатынан. Егін шаруашылығы, компьютерлік қызмет көрсету, көлік жөндеу орталығын ашу, полифасад дайындау, жылқы өсіру, кәдесыйлар бойынша бір-бірден, мал шаруашылығынан сиыр өсіруге – 5, кондитер ісіне, тігіншілікке – 2 адамнан грант алды.
Қанат ҒҰМАРОВ