Олжалы болыңыз, оқырман!

(0 Votes)

Тоқсан жылдан астам тарихы бар аудандық «Serper» қоғамдық-саяси газетінің құрманғазылықтар үшін орны бөлек. Ауданның өсіп өркендеуі мен орын алып жатқан оқиғаларын баяндайтын газет – ауыл-аймаққа түгел тарап отырған бірден-бір мерзімдік басылым.

Тәуелсіз мемлекет болып, елдің тәй-тәй басқан уақытынан, бүгінгідей еңсесін тіктеп, озық елдермен иық тірестірер кезеңге дейінгі аралықта біздің ауданның қалыптасуының куәгері болып, оның шежіресін тасқа қаттаған да осы – сүйікті «Serper» газетіңіз. Соның арқасында халық рухани күш алып, жастар өткеннің тағылымын бойына сіңіріп отыр.Ауданда орын алып жатқан әр саладағы жағымды жаңалықтарды, жеткен жетістіктерді сүйіншілей жеткізетін «Serper» бүгінде үлкен форматта заман талабына сай жарық көріп, көтеретін жүгі еселеніп, салмағы артқаны белгілі. Алайда, қазіргідей ақпараттық технологияның қарыштап дамыған тұсында дәстүрлі газетпен әлеуметтік медиа бәсекелестікке түскені жасырын емес. Иә, ақпараты сәт сайын жаңарып тұратын түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерге қарағанда газеттің әлеуеті кемшіндеу көрінуі мүмкін. Дейтұрғанмен, талғамы жоғары оқырман үшін дәстүрлі мерзімдік басылымның орны ерекше. Өйткені, олар шынайы ақпараттың, нақты тұжырымның, салиқалы сараптаманың, қатталған тарихтың тек газетте жарияланатынын жақсы біледі. Онда басылған әр сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше екенін бағамдап, қоғамдағы өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға шын мәнінде қауқарлы деп бәсін биіктетеді. Бұл жерде газеттің басқа ақпарат көздерінен басты артықшылығы – оның сенімділігі мен өміршеңдігінде. Заман қаншама алға озып, әлеуметтік желі қаншалықты жедел дамығанымен газет өзінің маңыздылығын жоймайды. Бұл жерде газетті рухани және адами тәрбие беруші құрал, ал әлеуметтік желіні тек ақпарат таратушы деп ара-жігін ажырата білуге тиіспіз.

Баспасөзге жазылу – әр адамның өз еркіндегі таңдау. Қазіргі уақытта мерзімдік басылымдарға жаздыру қызу қарқын алды. «Serper» қоғамдық-саяси газеті де оқырмандары қатарын толықтыру үшін жаңаша қадамға барып отыр. Редакция ұжымы бас мекеме – «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі және аудандық пошта байланысы торабымен бірлесіп, алдағы 2024 жылға толықтай жазылғандар арасында лотерея ойынын өткізеді. «Serper» газетіне бір жылға жазылған әрбір оқырман лотереяға қатысып, бағалы сыйлықтар мен ақшалай байрақ ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.  Газетке жазылу аудандық пошта байланысы торабының жергілікті бөлімшелері және редакция арқылы жүргізіледі. Ұтысқа тұрмыстық бұйымдар мен 15000 теңгелік ақшалай сертификаттар, қой малы тігілді. Сіздің қалтаңыздан шығатыны бар болғаны 3084 теңге 12 тиын ғана! Жылдық абонементке ие болып, лотереяға қатысып, аталған жүлделердің біріне ие болуға мүмкіндігіңіз бар. Қапы қалмаңыз, қадірлі оқырман!

Жалпы «Serper» газетінің 400-дің үстінде тұтастай бір жылға жазылуды дағдыға айналдырған тұрақты оқырманы барын жақсы білеміз. Жанұялық бюджетін жоспарлағанда рухани азығын да әріден ойлап жүретіндерге бұл ұтыс ойынының көмегі көп болары анық. Бұрындары тек жылдық абонементі бар газет оқырманы болсаңыз, енді сәтін салса қомақты ұтыстың иегері атануыңыз әбден қах. Ұжым болып бір жылға жазылатындардың қатарында аудандық полиция және төтенше жағдайлар, өрт сөндіру бөлімдері, «Балбөбек» балабақшасы да барын бөле-жара айтқымыз келеді. Лотерея ойыны туралы хабарды естігенде «Құрманғазы жолдары» ЖШС ұжымы да бір жылға толықтай жазылғанын хабарлады. Сіздерде бақтарыңызды сынап көріңіздер, ұтысқа ие болмасаңыз да төріңізден төл газетіңіз табылып, жаңалықтар мен рухани азыққа кенелеріңіз анық. Еш ұтылмасыңызға сенімді болыңыз!

Айбек НӘЖІМОВ,

редактордың орынбасары-жауапты хатшы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT