Олимпиадаға сексен спортшымыз қатысады

(0 Votes)

Енді санаулы күндерден кейін Париж-2024 жазғы Олимпиадасы басталады. Ашылу салтанаты 26 шілдеде, ал, жабылу рәсімі 11 тамызда өтеді. Спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы ойнатылады, олардың арасында жаңадан қосылған брейкинг болады. Дегенмен, Париждегі жазғы Олимпиада ойындары бейресми түрде 24 шілдеде, регби-7 және футболдан алғашқы матчтар өткен кезде басталады деп күтілуде.

 Қазақстаннан 12 төреші Париждегі Олимпиадада жұмыс істеуге шақырылды. Бұл туралы 17 шілде күні Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) баспасөз қызметі хабарлады. «Олимпиада ойындарында төреші болу төрешілердің жоғары дайындығын талап етеді. Халықаралық федерациялар ең жақсы төрешілер пулын құра отырып, қатаң іріктеу жүргізеді. Бүгінгі таңда Париждегі ойындарда Қазақстаннан 12 төреші жұмыс істейтіні белгілі», - дейді ҰОК.

Олардың ішінде Алуа Бектұрова (көркем гимнастика), Ольга Соловьева (ауыр атлетика), Әлия Каримова (көркем жүзу), Юлия Игнатченко, Меруерт Каукеева (теннис), Тимур Әмірбеков (спорттық гимнастика), Евгений Дьякокин (семсерлесу, қылыш), Евгений Михеев (баскетбол), Ерік Жұмабеков, Игорь Лигай (күрес), Әлішер Алтаев, Ермек Сүйеніш (бокс) бар. Тимур Әмірбеков үшін бұл төртінші Олимпиада, бұған дейін 18 әлем чемпионатында төрешілік жасады. Оның пікірінше, спорттық гимнастикадан Қазақстан командасы өкілдерінің медаль алуға үлкен мүмкіндігі бар. Көркем гимнастика бойынша халықаралық санаттағы төреші Алуа Бектұрова спортшылардың жеке және топтық жарыстарда өнер көрсетуіне төрелік етеді. Қазақ қызы 2018 жылы Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер ойынында жұмыс істеген. Токио Олимпиадасына резервтік төреші ретінде де шақырылды. Айтуынша олимпиада ойындарында төрешілік ету үшін бірінші немесе екінші санат болуы керек.

Париж-2024 жазғы XXXIII Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы спорттың 25 түрі бойынша 92 лицензия алды. Еліміздің намысын 80 спортшы қорғайтын болады. Биылғы олимпиадада ауыр атлетика мен бокстан бір немесе бірнеше санат алынып тасталды. Бокс – турнирлерге қатысуға 10 лицензия алған қазақстандық спортшылар арасындағы ең кең тараған бұқаралық спорт түрі.Ерлер -7, ал, әйелдер - 6 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Жарыс бағдарламасынан 2024 жылы ерлер арасындағы 75 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесі шығып қалған. Қазақстан құрамасында өткен олимпиадалардың 3 жүлдегері – боксшылар Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Құнқабаев, дзюдошы Елдос Сметов бар. 26 жасар Әміре Зәкіров брейкингте Қазақстанды таныстырған алғашқы спортшы болады.

Ерлер арасындағы олимпиадалық футбол турниріне 16 ұлттық құрама қатысады. Olimpbet букмекері Франция, Аргентина және Испанияны негізгі таңдаулылар деп санайды, олар бұған дейінгі олимпиадаларда жеңістердің дәмін татты. Аргентиналықтар 2004 және 2008 жылдары Олимпиада ойындарында, испандықтар 1992 жылы, ал, француздар 1984 жылы жеңіске жетті. Алайда, олимпиадалық футболда сенсациялар жиі кездеседі. Мысалы, 2000 жылы Сиднейде – Камерун, 2012 жылы Лондонда – Мексика күтпеген жерден жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық қатысушылар 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында үздік нәтижеге қол жеткізді, жалпы командалық есепте 18 медаль жеңіп алып, 22-ші орынға ие болды. 2024 жылғы Париж Олимпидасын Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан тамашалай аласыздар. Осы арналардың ресми сайттарынан трансляциялардың басталуының нақты кестесін білесіздер. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521