Олимпиада жеңімпазы Гүлнұрмен сұхбат

(0 Votes)

Кез-келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгеді. Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Гүлнұр Дінибекқызы аудан, облысымыздың атын асқақтатып, республикалық «Қазақстан тарихы» пәнінен өткен олимпиадада 2021-2022 және 2022-2023 оқу жылында қатарынан екі рет жүлделі I орын мен алтын медаль иегері атанды.

Білім додасында топ жарған дарынды жастың қуанышымен бөлісіп, аз-кем сұхбат құрғанды жөн көрдік...

Гүлнұр, ең алдымен туған жерің, ата-анаң жайлы сөз өрбітсең...

Менің туып-өскен, кіндік қаным тамған жер – мұнайлы Атырауымның құт қонған бөлшегі Құрманғазы ауданы, Хиуаз ауылы. Есімі шартарапқа танылған ұлы тұлғалар шыққан осынау қасиетті өлкеде дүние есігін ашып, бүгінде есімін әлі де әйгілеу жолына ұмтылып жүргенім – мен үшін үлкен мәртебе. Менің қай жетістігім болса да, әуелі Алланың, екінші ата-анамның қолдауы деп білемін. Асқар тау әкем – Набиғалиев Дінибек Меңдешұлы, ал аяулы анам – Ниетқалиева Шынар Амангелдіқызы. Алға қойған мақсаттарымның орындалуына мұрындық боп жүрген ата-анама шексіз алғысымды айтамын.

Тарих пәніне құштарлығың қалай қалыптасты?

Кішкентайымнан тарихқа қызығушылығымның оянуына себепші болған әпкем еді Әпкем де тарих пәнінен олимпиада-жарыстарға қатысып жүргенде қасында жүріп, әр тарихи оқиғаны жаттап, тереңіне үңіліп жүретін едім. Ол кезде тіпті болашағымды тарихпен байланыстырамын деген ой да болмаған. Кейіннен 9 сыныпқа келгенде тарих ең сүйікті пәніме айналды. Бұл пәннің өзге пәндерден ерекшелігі сол – болашаққа нық қадам басу үшін өткеннен сабақ алу. Сондықтан да менің тарих пәніне деген құлшынысым қазір де, алдағы уақытта да артпаса кеміген емес.

Пәндік олимпиада жайлы тарқатып айтып берсең...

Менің ойымша, олимпиада – ол оқушының білімін, дағдысын, қабілетін арттыруға таптырмас мүмкіндік беретін ең маңызды білім додасы және ғылымның алғашқы басқышы. Осы жылғы аудандық, облыстық, республикалық кезеңдердің 1 орын иегері атану маған бұйырыпты. Жүйелі дайындық және тынымсыз еңбек – пәндік олимпиаданың шыңын бағындыруға қажетті ең негізгі критерий болса, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар: білімің мен еңбегің екі жақтап» деп Ұлы Абай атамыз айтқандары өмірлік ұстанымым еді. Пәндік олимпиада туралы ұғым менде 5 сыныптан қалыптасты. 5 сыныптан 11 сыныпқа дейін олимпиадаға Қазақстан тарихы пәнінен қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрдім. 9 сыныпта ауданнан I орын алып, облыстық кезеңге өтіп, облыстан да I орын алдым. Дәл осы жеңіс менің тарихқа қызығушылығымды одан әрі күшейтіп, мүмкіндіктерімнің жоғары екенін түсіндім. 10 сыныпта мамандық таңдап, болашағымды тарихпен байланыстырамын деп ой түйгеннен кейін олимпиадаға дайындыққа басым көңіл бөлдім. Тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде қатарластарымнан оза шауып, 10 сыныпта да республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиададан алтын медаль еншіледім.

Олимпиадаға қалай дайындалдың?

Жетекші ұстазың кім? Менің биылғы олимпиадаға дайындығым қыркүйек айынан басталды. Тарихтағы әр жаңа тақырыпты толықтай меңгеріп алуға тырысатынмын. Қаңтар айында мектепішілік олимпиадаға қатысып, аудандық кезеңге, одан облыстық кезеңге жолдама алдым. Облыстан республикалық кезеңге қатысу жолында жетекшіммен бірге әр сәтті ұтымды пайдалануға талпындым. Онымен қоса «Дарын» таланттарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен олимпиадаға дайындық ретінде жүргізілген онкүндікке де қатыстым. Бұл онкүндіктің өтуі республикалық кезеңнің жеңімпазы болуыма оң септігін тигізді. Олимпиада жаңа достармен табысуыма да мүмкіндік берді. Мені білім додасына дайындап, жетістікке жетуіме сенім артқан жетекші ұстазым Жаннат Исламғалиқызына зор ризашылығымды білдіремін.

Биыл мектеп бітіресің, алдағы жоспарың қандай?

Қазіргі сәтте Ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлік үстіндемін. Мақсатым – ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінің «Тарих» факультетіне оқуға түсу. Ұлт көшбасшысы, Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов «Өзінің тарихын жоғалтқан ұлт қайда жүріп, қайда тұрғанын, не істеп, не қойғанын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына да көзі жетпейді» дегені тарихтың маңыздылығын ұғындырады. Тарихтың сыры жабулы күйінде қалған қаншама беттері бар, ел тәуелсіздігі үшін аянбай еңбек еткен, дегенмен есімі ұмытылып бара жатқан тұлғалар қаншама?! Тарих мамандығын таңдауымның мақсаты да сол – өткеннің ашылмаған беттерін парақтап, бүгінгі ұрпаққа насихаттауға үлес қосу.

Басқа қандай сүйікті іспен айналысқанды жақсы көресің?

Сүйікті ісім – кітап оқу және шығармашылық жұмыспен айналысу, атап айтқанда тоқыма тоқу, бисерден бұйымдар жасау. Кітап оқу мені шабыттандырып, ерекше сезім сыйлайды. Шабытым келсе, өлең жазғанды да жаным сүйеді. Өзімді бір салада шектемей, жан-жақты қабілеттерімді дамытқан ұнайды.

Қатар дос-құрбыңа, өзіңнен кейінгі іні-сіңілілеріңе қандай кеңес айтар едің?

Ең алдымен, арманыңа адал бол дер едім. Сондай-ақ, білім алу жолында ешқашан тоқтама. Өзіңді интелектуалды-зияткерлік түрде ғана емес, рухани тұрғыда да дамытуды ұмытпа. Қай-қай істе де нәтижеге жету үшін ең бірінші ниет пен әрекет керек. Сенің арманыңдағы өмір небір қиындықтардың артында тұруы да ықтимал екенін есіңнен шығарма. Ешқашан сынақтарға берілме. Армандар орындалады!

Бүкпесіз әңгімеңе рахмет, Гүлнұр. Білім жолында биік белестерді бағындыра беруіңе тілекшіміз!

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT