Қолбайлау түйткілдер жойылмай, алға басу мүмкін емес

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелерінің аудан әкімімен ашық сұхбат алаңы ұйымдастырылды.

Оны ашқан аудан әкімі Қайрат Нұртаев: - Бүгінгі жиынды өткізудегі басты мақсат – кәсіпкерлер мен шаруагерлердің қазіргі жағдайын зерделеу, шешілмей жүрген мәселелерін анықтау,жергілікті атқарушы орган тарапынан қандай көмек қажет етілетінінен хабардар болу, алдағы жоспарларымен бөлісу. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім, құқық қорғау органдарының басшылары және облыстан біздің шақыртуымызды қабыл алған бір топ лауазым иелері келіп қатысуда, - дей келе, олардың әрқайсысын жеке-жеке таныстырды. Алдымен аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қайсар Мақсотов өңірдегі осы саланың даму көрсеткіші, оған Үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер және жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жөнінде егжей-тегжейлі баяндады.

img_4909

Облыстық кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Серік Сәрсекенов бизнесті қолдау бағытындағы шараларға тоқталып, аймақта шаруашылықты жүргізуге, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған инфрақұрылым мәселелерін тілге тиек етті.

img_4913

Аудан әкімі Қ.Нұртаев су тапшылығын шешуге байланысты өңірде жүзеге асырылып жатқан оң шараларды алға тартты: - Шарон өзені бойынша 164 шақырымның 154-іне түп тереңдету жұмыстары басталды. Енді қалған 250 шақырым Қиғаш өзені салаларына да осындай шараларды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға мердігер анықталды. Қазір біз Кобяковтан Забурынға су айдап отырмыз. Егер осыған Кобяковтың ар жағындағы Сурхан арнасын теңізге қоссақ, су айналысы үздіксіз болады деген жоспарымыз бар. Үнемделген қаржы негізінде оның да жобасын жасақтап аламыз деген үміттеміз. Осылайша су мәселесі аудан бойынша бір жүйеге қойылса, кәсіпкерліктің өркендеуіне қолбайлау болмас еді.

img_4934

Қазіргі таңда «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» жолының 60 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалған бөлігінің құрылысын да «Сине Мидас Строй» мекемесі жүргізеді. Алдағы уақытта жол салынып біткеннен кейін оның бойында кәсіпкерлерге сервистік нысандарды дамытуға қолайлы жағдай туындайды. Ауданымызда «Бұйырғын» атты құс фермасы ашылды. 30-дың үстінде жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Егер болашақта оның 4 цехы жүзеге асатын болса, жылына 460 тонна құс етін шығаруға қауқары бар, -дей келе, аудан әкімі кәсіп ашудың көздерін, оған жасалып жатқан игілікті істерді қаперге берді.

i

Еңбек ардагері Елдос Бектеміров мал шаруашылығымен айналысып отырған кейбір шаруа қожалық иелерінің әлеуметтік ахуалы сын көтермейтінін, тезек теріп от жағатынын,электр жарығының жоқтығынан шаммен отырғанын қаперлеп, оларға жақын маңда жүріп жатқан газ құбырын да, электр жүйесін де тарттырып берудің жолын сұрады. Сонымен қатар, жайылымдық су мәселесі, қысқы мал азығын дайындаудағы түйткілдер, оның бүгінде сатылымдағы бағасының қымбатшылығы, ауыл шаруашылығы саласына қажетті жас мамандарды оқыту жөнінде өз ойын ортаға салды. Еңбекші ауылдық округінің тұрғыны Мүсіреп Мырзағалиев Сурхан арнасын пайдаланып отырған ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтары жазда қиыншылық көрмейтінін, ал қыста су тапшылығының зардабын тартатынын жеткізді. Құрғап қалған жерлерде мал, балық қырылу фактілері орын алғанын, осыған орай бөгелген арналарды ашу туралы ұсынысымен бөлісті. Байда ауылдық округінің тұрғыны Ғаділбек Тасқалиев Қиғаш өзені арналарын сумен толтыру үшін жүзбелі насос қойылатыны жөнінде аудан әкімінің бастамасын қолдайтынын, бұл кәсіпкерлікті дамытуға үлкен қолдау болатынын айтып, Байда ауылынан беріректе орналасқан 5-6 шаруашылық бұл мүмкіндікке ие бола алмай қалу қаупін жеткізіп, жұмыс басталған кезде өзімен хабарласуды өтінді.

i

Теңіз ауылдық округінің тұрғыны Теміртас Сұлтанғалиев ауылдық округтерге берілген тракторлардың жарамсыздығын, кейбір бөлшектері істен шыққанын, сондықтан бұл техникаларды олардың тілін білетін шаруа қожалықтарына беруді ұсыныс етті. Қиғаш бойынан бері қарай қалың ошаған қаптап кеткенін, Теңіз ауылындағы жағажайлардың бойы осы шөптен көз ашпайтынын ашына айтып, оны құртудың жолын ойластыруды сұрады. Көтерілген мәселелерге орай аудан әкімі Қайрат Талапұлы, аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров жауап қайтарып отырды. Шаруа қожалық иесі Серік Алғаязов «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Гүлзада Шалағұловадан шетелден мал әкелу үшін операторларды кім таңдайтынына қызығушылық білдіріп,облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтан ірі сабақты мал азығын дайындауға былтырдан бастап субсидия берілмей келетінін, енді алдағы уақытта оның жайы қалай болатынын сұрады. Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны Серік Шарипуллин өзінің шаруа қожалығынақұрылысы жолдың арғы бетінде жүріп жатқан газ бен суды жалғап беруді өтініш етті. Аудан басшысы Қайрат Талапұлы бұл мәселені шешуді орынбасары Жастілек Хасановқа міндеттеді.

img_4950

Қасқыр күнелтіс бермеуде Еңбек ардагері Идаят Құмарғалиев төрт түлік мал өсіруге дала жыртқыштары - қасқырлардың мүмкіндік бермей отырғанына, көптен осы мәселе шешімін таппай келетініне, былтырдан бері 20 шақты малдан айырылғандарына ренішін білдірді. Сонымен қатар, тері, жүнді кәдеге асырудың жолын қарастыруды кәсіпкерлерге ұсыныс етті. Амангелді ауылының тұрғыны, көпбалалы ана кәсіпкерлігін кеңейтіп, алма бағын өсіруге жер ала алмай келетінін айтып жанайқайын жеткізді.Ашық сұхбатта шабылмаған жерлер жыл сайын жанып кететіні, бұл мал азығын дайындауға қиындық келтіретіні, бейбастақ өртке қашан тыйым салынатыны, «Сыбаға» бағдарламасына жергілікті жердегі несие корпорациялары қатыса алмай отырғаны, сервистік дайындау орталықтарына субсидия берілмейтіні,«Мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу» заңдарына өзгеріс енгізу қажет етілетіні т.б. түйткілдер талқыға алынды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT