Бүгін аудан әкімі Қайрат Нұртаев пандемия кезінде халық саулығы үшін алдыңғы шепте жүрген белсенді азаматтарға алғыс айтып, арнайы марапаттарды табыс етті.
«Биылғы жылы елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік шектеу кезінде орын алған қиыншылықтарға қарамай коронавирус инфекциясының алдын алу шараларына өз жерлестеріміз де айтарлықтай үлес қосты. Пандемияның бірінші толқыны кезінде Атырау қаласында да індет өршігенде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге көмек сұратылған болатын. Осы азаматтар өз өмірлерін қатерге тігіп, өз қызметтерін мінсіз атқарды. Өздерінің азаматтық борышын адал орындаған барлық қызметкер алғысқа, марапаттауға лайық.», – деді Қайрат Талапұлы.
Осы жылдың 10 сәуір-10 мамыр аралығында төтенше жағдайдың алдын алу кезінде арнайы жиынға қатысып, міндеттерін абыройлы атқарғаны үшін жерлестеріміз Еламанов Сейқуат Еламанұлы, Исаев Маралбек Маратұлы, Сидеғалиев Нұрсұлтан Бауыржанұлы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің «Төтенше жағдай кезінде міндеттерін адал орындағаны үшін» естелік төсбелгісімен ұлығыланды. Марапатты ұсынған аудан басшысы оларға риясыз алғысын жеткізіп, еңбектеріне жеміс тіледі. Аудандық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева да жүрекжарды лебізін білдіріп, аудандық емханада фельдшер болып жұмыс жасайтын Маралбек, Нұрсұлтан сынды жастармен мақтанатынын жеткізді.
А.Шакупова