Жамбыл ауылының тұрғыны, І топ мүгедегі Аманғали Таңатаров осы уақытқа дейін табиғи газ тартылмаған, тозығы жеткен, апаттық жағдайда тұрған үйде өмір сүріп жатқанын тілге тиек етіп, жайлы баспанамен қамтуды сұрады.
– Бұл азамат 2017 жылы өз өтініші негізінде «І-ІІ топ мүгедектері» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне кезекке қойылды. Алайда, баспананы алғанның өзінде жалдау құнын төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, оны демеушілік негізде шешудің жолын қарастырған жөн – деген аудан басшысы Қайрат Талапұлы мәселенің анық-қанығын ашып айтты.
Қабылдауға келген Сафон ауылының тұрғыны, ата-анасынан айырылған Бекжан Хамитов те басынан осындай жағдайды өткеріп отыр. Өзі екі інісіне қамқоршы болып тағайындалған. Баспанасы жоқ, уақытша нағашы атасының үйін паналап жүр. Облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы Бекжанның қайда жұмыс жасайтынына қызығушылық танытып, «еңбекақысы уақытында беріле ме, өзін қанағаттандыра ма?» деген сұрақтарын алға тартты. Ол Атырау қаласында көлік жөндеу мекемесінде жұмыс жасайтынын, еңбегіне қарай табысы төленетінін жеткізді. -Азаматтың 2017 жылғы 31 шілдедегі өтініші негізінде «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне кезекке қойылды. Қазіргі кезегі №136. Бірақ, баспана берілгенімен, бұл отбасының ай сайынғы жалдау құнын төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, кәсіпкерлердің көмегімен демеушілік негізде мүмкіндігін қарайтын боламыз. Бүгінгі таңда, ауданымызда құрылған қайырымдылық қорлар, еріктілер жиналып, Бекжанның отбасына шұғыл түрде көмек көрсетудің жолдарын іздестіруде, - деді аудан әкімі Қайрат Нұртаев.
А.Шакупова