Олар Қазақстанды қалады

(0 Votes)

«Ырыс қайда барасың, Ынтымаққа барамын!» дейді халық даналығы. Ежелден бірлікті тірлігінің арқауы еткен қазақ берекенің бастауын ынтымақтан іздеген.

Тарихи шегініс жасап, өткенге көз жіберсек, егеменді еліміздің қарышты дамуы, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезе теңестіруі бірліктің, сол бірлік арқылы келген тұрақтылықтың арқасы екенін ұғамыз. Демек, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне ерекше көңіл бөлетініміз бекер емес. Осыған орай, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, әсіресе, білім саласында айшықты ізін қалдырған орыс ұлтының өкілдері, айтулы ұстаздар Валентина Николаевна Панченко, Людмила Матвеевна Ефремова жөнінде Ломоносов атындағы жалпы орта мектеп ұжымының ұсынған мәліметтерін жариялағанды жөн көрдік. Өйткені, олар «тілі басқа болғанымен тілегі бір, діні басқа болғанымен жүрегі бір» ауылдастарымыз еді. Кейбірінің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихи отандарына қайтып кетуге мүмкіндіктері болса да, олар Қазақстанда тұруды қалады.

panchenko

Валентина Николаевна Панченко өзінің саналы ғұмырының 30 жылдан астам уақытын білім саласына арнады. М.Ломоносов атындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берген ұлағатты ұстаз көптеген түлектерді білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттері бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірі мен шет елдерде абыроймен еңбек етуде. Айтулы педагог өзінің шығармашылық еңбегінде қазақ тілі мен орыс тілін кіріктірілген форматта оқытты. Күні бүгінге дейін әріптестері мен оқушылары ұстаздың жарқын бейнесі мен оның тартымды да әрі қызықты етіп өткізген әр сабағын сағынышпен еске алады. Көп жылдар бойы Валентина Николаевна әдістемелік бірлестікті басқарып, жас мамандарға тәлімгер болып, ұстаздықтың қыр-сырын үйретті. Оның тәжірибесінен дәріс алған педагогтар  Д.Жұмағалиева, Б.Тілеуғалиева, М.Мукушева, Д.Менситова бірнеше дүркін аудандық, облыстық, республикалық байқаудың жүлдегерлері атанды. 1986-1989 жылдар аралығында В.Панченко Ломоносов мектебінің директоры лауазымдық қызметіне тағайындалды. Білім ошағын басқарған жылдарда ұжымды берекелі істерге бастай білгенін көз көрген замандастары мен шәкірттері әлі күнге айтып отырады.

Ауданымыздың білім саласына қосқан ұзақ жылғы ерен еңбегі үшін Валентина Николаевна «Оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен, дипломдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Ефремова Людмила Матвеевна 1939 жылдың 16 мамыр күні Теңіз ауданының Кобяково ауылында туған. 1966 жылы Гурьев педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Училищені бітірген соң, жолдамамен өзінің туған ауылына бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша жіберілген. Педагогтық қызметін білім саласында М.Ломоносов атындағы мектепте бастауыш сыныптардың оқу ісі лауазымдық қызметінде жалғастырады.

Людмила Матвеевна ұжым, ата-ана, өз әріптестері арасында үлкен беделге ие болды. Жұмыстың жаңа түрін қалыптастырып, педагогтердің білім саласындағы мақсаттарын жүзеге асырды. Ұжымда шығармашылық ахуалды ұйымдастырып, білімнің стратегиялық бағыттарын ұстанды. Оның жоғары мәдениеттілігі мен жауапкершілігі, парасаттылығы мен сабырлылығы өзгелерге үлгі боларлықтай.

Қызы Татьяна - химия пәнінің мұғалімі. Жолдасы өмірден өткен соң, қызы анасы Людмила Матвеевнаны Хакасия Республикасының астанасы Абакан қаласына алып кетті.

Людмила Матвеевна облыстық білім басқармасының, Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Білім саласының үздігі», 1993 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын иеленді.

 

А.Күнұзаққызы       

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521