Бүгінде қарапайым университет қабырғасында жүргеннен-ақ әке-шешенің ақшасына иек артып, диплом алған соң, жұмыспен қамтуды да соларға жүктеп қойғандардың қарасы көбеюде.
Бұл – баласының дегенін жасап, алдын асқа, артын мамыққа толтырып, олардың дегенін сұрамай-ақ жасайтын үлкендерден кеткен кемшілік іспетті. Бесіктен белі шықпай жатып, талабы сұраныссыз орындалса, ер жеткен соң баласы ата-анасының «басына шыққанға» еш ренжімеген дұрыс шығар. Әуелбастан жасөспірімнің түпкі санасы әке-шешеге сенумен қалыптасса, оның келесі қадамы сенімсіздікпен басылады. "Әлпештетіп", кейін олар саналы азамат атанған соң үлкендер тарапынан "өзің жаса, тәуекел ет" деп бағытсыз жол сілтесе, көп нәрсе талап етсе, оның ақыры - ұрпақтың өзіне не керектігін анықтай алмай, жаман әдет пен теріс қылық шығаруына әкеліп соғады. "Балаңды аясаң-аяма" деген аталы сөз осындай олқылықты болдырмай, әуелбастағы тәрбиеден қателеспес үшін жасалған ескертпе.
Көзін ашқалы білім алып, оқып-тоқып, болашақта сол ілімін өміріне серік еткен азаматтардың - қазір табысы берекелі. Соның арқасында биік шыңды бағындырып, игі істің басынан табылып келеді. Ал, не оқуға, не ізденіске бас қоймағандар - көшенің атаманы атанып, ана бұрышта ішімдік ішіп, мына тасада темекі тартқанына мәз болып жүр. Мұндайлар замандастарының өз қолы өзіне жеткендігін көре алмайды, жетістігіне қуана алмайды. Осылайша, сырттай күндеушіге айналады. Бұл топтағылар табыс табудың орнына отбасындағылардың нәпақасына өмір сүреді. Ондайды күнделікті өмірде көз көріп жүр. Дені сап-сау, шымырдай болған сондай жастардан "неге еңбек етпейсің" деп сұрасаң, жауап біреу: таныс-тамырдың жоқтығымен ақталады. Ер адамның бір пікірмен миын шектеп, алға ұмтылудың орнына артқа сүйрейтінін көргенде ішің ашиды екен. Ал, үш-төрт жұмысты бірге атқарып жүргендерді байқасаң, олардың бір-бірінен айырмасын таппай, ойға қаласың. Оның шешімі біреу: қолда бар "уақыт" деген алтынның қадірін білу. Тәуекелге бас қойып, өзіңді сан-салада байқап көру. «Өтірік көкірек» кермей, нан табудың, үйде бос жатпаудың амалын жасау. Жаргонмен айтсақ, «таза ауаның директоры» болғанға мақтанбау қажет.
Қазіргі қоғамда қайыр-садақа сұраушылардың саны артып барады. Оның бірі - мұқтаждықпен, бірі - өтірік елді алдау. Қоғамдық орындарға, базарға бара қалсаң, әр бұрышта баласын алдына асынып, алақан жайғандарды көресің. Өзгеге тілемсініп күнін көрген ананың құрсағынан ер жеткен балақайдың келешегіне бір кісідей алаңдайсың.
Бірде сондай қайыр-садақа сұраған балалы әйелдің қасынан өтіп бара жатып, оның «ішер асым, жатар жерім жоқ. Мейірімді адамдар маған көмектесіңдер» дегенін естіп қалдым. Әмиянымнан ақша суырып бермек болдым да, дереу ол ойымнан айнып, аштан аш отырмасыншы деп қолымдағы нанымды, аз-мұз жемісті беріп едім, алғыс орнына қарғыс естідім. Соған қарап тілемсінген алаяқтарға енді сеніп көр. Кейде осындайлардың арасында жүрген аяқ-қолдары балғадай ер азаматтарды байқап, «еркек» деген затының қадірін осынша төмен деңгейге түсіргеніне налисың...
...«Еңбек, еңбек, бәрін де жеңбек». Сондықтан, әр таң сайын пендесіне ризықты қалдырмай беретін Жаратқанның несібесін адал төккен маңдай термен тапқанға не жетсін. «Жоқ» деп жата берсең, солай ғұмырыңды жоқтықпен сарп етесің. Асылында, адам баласы дүние тіршілігінде амалдап, күндік напақасын табуға ұмтылса, елдегі кедейшілік те азаяр еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы үндеуінде Қазақстандағы кембағалдықтың үлесі мамыр айында түсетінін тілге тиек етті. Бұл – мемлекет жантайғанды көтереді деген емес, керсінше, құр жатпай қызмет жасаушылардың қалтасын кеңітенін айқындайды. Осы ретте, Ахмет Байтұрсыновтың: Құлдарын Құдай сүймес, жалқау болған,-деген тіркесі еріксіз ойға орала береді екен...
Жайдарлым ҚАЙРЕДЕН