Су тасқыны салдарынан болатын төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ауданда «Көктем – 2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Дабыл қағылумен басталған шара азаматтық қорғау жүйесі органдарының күштері мен құралдарының саптық дайындығымен жалғасты. Сапқа тұрғызылған 14 қызметтің 96 адамы, қолданылатын құрал-жабдықтары, 31 техникасы тексерістен өтіп, атқаратын міндеттері нақтыланды.
Дайындықты тексерген аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әділ Қонқаев бұл оқу-жаттығудың азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің және халықтың көктем айларындағы төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілетін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайға ден қоюға дайындығын тексеру мақсатында жүргізіліп отырғандығын түсіндірді.
Сондай-ақ, су тасқынынан орын алған төтенше жағдайларда әр қызметтің апатты жою бойынша атқаратын іс-қимылдарының алгоритмі пысықталды.
Оқу-жаттығудың келесі бөлімінде қарғын судың салдарынан бүлінген қорғаныш бөгеттерін қалпына келтіру, тасқынның астында қалған аймақтардан азаматтарды эвакуациялау, уақытша паналау орындарына орналастыру, алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты тактикалық, практикалық жұмыстар жүргізілді.
Айбек НӘЖІМОВ