Оқушылар шеберлігін шыңдаған олимпиада

(0 Votes)

Б. Бегалиев жалпы орта мектебінде республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының аудандық кезеңі өтті. Мақсаты – мемлекеттік тілге деген құрмет, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Олимпиаданы аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжамал Арыстанова ашып, шарттарын түсіндіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқау «Бейнелеушілер», «Жас қаламгер», «Сөз шеберлері», «Әнші бұлбұлдар», «Білгірлер» атты бағыттардан тұрды. «Бейнелеушілер» бағытында қатысушыға бір әңгіме немесе ертегі беріліп, соның желісімен сурет салу тапсырылды. «Жас қаламгер» бағытына қатысушылар эссе, новелла, шағын әңгіме жазды. Қалған бағыттарда да оқушылар өздеріне берілген тапсырмаларды орындады. Орыс сыныбынан қатысушыларға олимпиада шартына сай бөлек тапсырмалар берілді.

Әлбетте, қандай сайыста да жеңімпаздар болады. «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының қорытындысымен «Бейнелеушілер» бағыты бойынша І орын Ю.Гагарин орта мектебінің оқушысы Жайнар Нұржанқызына тиді. Жайнардың өнеріне тәнтіміз. Бір бет қағазға өзіне берілген тапсырма бойынша бояу карандашпен оқиғаның өрбу барысын бірнеше суретпен тамаша көрсетіпті. Осы бағыт бойынша ұққанымыз мектептерде бірінен-бірі өтетін керемет суретшілер өсіп келе жатыр екен. «Жас қаламгер» бағыты бойынша «Туған жер ыстық әрқашан» атты тақырыпта ой кестелеген Нұржау орта мектебінің оқушысы Азамат Ғазиздің әңгімесі І орынға лайық деп танылды. Кейінгі орындардағы оқушылардың да әңгіме, эссе бағытында жазған шығармалары жақсы шыққан. Қайсысынан да туған жерге деген сүйіспеншілік лебі еседі. Мақал-мәтелдердің жалғасын табатын «Білгірлерден» І орын Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің оқушысы Аяулым Сағатоваға бұйырды. «Сөз шеберлерінде» І орын Ерасыл Сергейұлы (Абай) және орыс сыныптарынан қатысушылар арасында Адхамбек Оллабергеновке (Ломоносов) тиді. Оған қатысушылардың дені негізінен қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесі, Абайдың қара сөздері тақырыбында қалам тербепті. Әрқайсысы жазғанын әділқазылар алдында жақсылап әңгімелеп, сұрақтарға жауаптар қайтарды. «Әнші бұлбұлдарда» термеден басқа әндер орындалып, Ф. Оңғарсынова атындағы орта мектептің оқушысы Милана Саясат І орын иеленді. Мақаламызда орын алғандардың бәрін атамай, бірінші орынға шыққандарға қысқаша тоқталғанды жөн көрдік. Оқырмандарымыз республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде аудан намысын кімдер қорғайтынын біле жүрсін. Ең бастысы қазақ тілі олимпиадасының қай бағыты бойынша да дарынды оқушыларымыз бар. Оларды шығармашыл тұлға ретінде қалыптастырып жүрген ұстаздардың еңбегіне сүйсіндік.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT