Бүгін Құрманғазы аудандық музейінде қазақ қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Мұхамбетжан Шолтырұлының туғанына 195 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған «Мәңгіге аты қалған Мақаш әкім» атты апталыққа орай туған халқына жасаған игі істерін насихаттау, жас ұрпақты отансүйгіштікке және елі үшін аянбай қызмет етуге тәрбиелеу, мәдениетіміз бен тарихымызды қастерлей білуге үйрету мақсатында еңбек және өмір жолына негізделген зерттеу жұмысы отырысы өткізілді.
Отырысқа қатысушы Абай жалпы орта мектебінен Б.Айыпқалиева Ішкі Орда және Астрахань губерниясы тарихында атақты және беделді саясаткер болған М.Бекмұхамедовтің рөлі, Н.Қайролла Мақаштың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі туралы айтып, Е.Сергейұлы қазақ халқының қуғынға ұшыраған атақты біртуар тұлғалары мен орыстың көптеген зиялы қауым өкілдеріне созған көмек қолы, жазған кітаптары мен күйлері туралы, Мақаш ауылдық округіндегі «Мақаш» өндірістік кооперативінде орналасқан Мақаш әкімге арналған музейдің тарихымен таныстырса, І.Асылбек «Мақаш әкім – қазақтың тұрмыс-тіршілігі салт-дәстүрі хақында», Е.Жақсыбай «Мұхаметжан Бекмұхамедов – қазақтардың дүниетанымын қалыптастырудағы прогрессивті қайраткер» тақырыптарында зерттеу жұмыстарын қорғады.
М.В.Ломоносов жалпы орта мектебінен Кундзакова Камила, Нұрлан Айару, Лубек Айша, Қойшыбаева Дильназ, Рахметулла Ақнұр қатысып Мақаш әкімнің өмірі, халыққа және өңірге сіңірген еңбектері, ағартушылық, елшілік қызметтері, ол туралы кітаптар жазған қаламгерлер, салдырған мектебі туралы жан-жақты баяндап, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, Мақаш әкім туралы зерттеген Өмірзақ Қажымғалиұлынан алынған сұхбаттары жайында және қазіргі таңда М.Бекмұхаметов сынды өлкенің ардақты тұлғалары туралы оқушыларға кеңірек таныстыру үшін өмірдеректері арнайы ашылған инстаграм паракшасы арқылы жүйелі жазылып отырғандығын жеткізді.
Бағалаушылар алқасы болған Ә.Сәрсенбаев жалпы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Д.Зулкашева, М.Әуезов жалпы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі М.Джумабаева және Құрманғазы аудандық музей меңгерушісі Ж. Хайрошова өз кезектерінде қатысушылардың жұмыстарын талқылап жүйелей келе оқушылардың дайындықтары, дауыс мәнері, көрнекіліктері жоғары деңгейде екендігін, мұғалімдер мен оқушылардың бірлесе жасаған үлкен еңбектерінің нәтижесі көрінгендігін атап ризашылықтарын білдірді.
Шараны музей меңгерушісі Ж.Хайрошова қорытындылап, оқушыларға алғыс хаттар мен тарихи құнды кітаптар ұсынды.
Өз тілшіміз