Сүйіндік жалпы орта мектебінде Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толу мерекесіне орай алғашқы әскери дайындық пән мұғалімі Ихлас Өтемісұлы жоғары сыныптар арасында «Ауған от жалыны» тақырыбында шара ұйымдастырды.
Өз дәрежесінде өткен шараның басты мақсаты – оқушыларды жоғары құқықтық қасиеттерге, патриоттық сезімге тәрбиелеу болды. Кештің ашылуында құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Меңсұлу Темірханқызы Ауған соғысы туралы, оған қатысқан қазақстандықтардың ерен ерліктері және аулымыздағы оған қатысқан Ауған соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету жөнінде тоқталып кетті. Қатысатын 10-11 сыныптарға сәттілік тіледі. Кештің басы Әнұранымен ашылып, сайыс кезеңдерін Жаннұр Жұмабекқызы мен Інжу Даниярқызы таныстырып шықты. Ортаға 10 және 11 сыныптардың «Жас сарбаз», «Жасұлан» топтары шақырылды. «Аталы сөзге арсыз жауап қайырар, Ақ пен қараны әділқазылар айырар» демекші, құрамында Меңсұлу Темірханқызы, Рымжан Жасұланұлы, Бауыржан Амангелдіұлы, Самал Маратқызы әділқазылар алқасы сайысты бағалады.
Сайыс 7 кезеңнен тұрады. 1-кезеңде – саптық дайындық, яғни, «түзел, тік тұр, оңға, солға айнал, бір қатардан екі қатарға өт, керісінше сапталу, ән айту» көрсетілді. 2-кезең – кедергілерден өтуден тұрды. Мұнда ептілік, жылдамдық, мина алаңынан өту орындалып, жіпке тисе жарылыс болатыны ескертілді. 3-кезең – қорғаныс костюмін кию болды. Бұнда уақыт өлшемі, жылдамдық, дұрыс киюі қаралды. 4-кезең кедергілерден өту арқылы автомат АК-ны жартылай бөлшектеу және жинауда қатысушылар өз білімдерін көрсетті. 5-кезең – мергендер сайысы, әр топ мүшелері бір оқ атып, өз мергендіктерін ортаға салды. 6-кезең – алғашқы медициналық көмек көрсету.
Мұнда радиация кезінде жараланған адамды алып шығу орындалды. 7-кезең – автоматты жартылай бөлшектеу, жинау, уақытқа жылдамдыққа, ептілікке баулу.
Сайыс өз мәресіне жетіп, 11 сыныптар 240 ұпаймен, 10 сыныптар 233 ұпаймен қорытындыланып, «Алғыс хаттармен» марапатталды. Соңында мектеп директоры Меңсұлу Темірханқызы: «Отанды қорғауды, оған деген махаббатты, патриоттық сезімнің шынай үлгісін көрсете білдіңіздер.
Әрқашан бейбітшілік, тыныш заманда мәнді де сәнді ғұмыр кешулеріңізге шын жүректен тілектеспін», деп сайысты қорытындылады.
Бауыржан Хасантаев,
Сүйіндік жалпы орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі.