Округтердің шежіре кітаптары дайындалуда

(0 Votes)

Аудандық мұражайда «Өренді өлкетанушы» клубының кезекті отырысы өтті. Клуб мүшелері мен ауылдық округ әкімдері қатысқан бұл жиында ауылдық округтердің тарихи-танымдық шежіре кітабын шығару мәселесі тағы бір рет талқыға саланып пысықталды.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, академик-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев ашып: – Округтердің шежіре кітабын шығарудағы мақсатымыз – оның бүгінгі тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін келер ұрпаққа жеткізу. Өткенде бұл тақырыпқа қатысты бірінші мәжілісімізді өткіздік. Сонда сіздерге шыққалы отырған кітаптың үлгілік жобасын бердік. Ол сеңдей қатып қалған нәрсе емес. Қалай етіп жазуды жергілікті жерде өздеріңіз қарайсыздар. Бұл кітапты шығарудан халық сырт қалмауы керек. Мұны әрбір жиналыста, қонақтықта айтып жүріңіздер, тұрғындар хабардар болсын. Шежіре кітап – бір адамның емес, бір елдің өмірін баяндау. Осылай ету арқылы біз әлемдік дамуда қазақты көтереміз. Соның бастауында болуымыз керек. Бүгінгі істеп жатқан жұмысымыз – ертеңгі күннің байлығы. Бір-екі ғасырдан кейін жас ұрпақ ел тарихын осы кітаптар арқылы біледі. Соны жақсы түсінген біздің аудан, ауылдық округ басшылары, өлкетанушылар кірісіп кетіп жатыр, – деді.

«Өренді өлкетанушы» клубының хатшысы, аудандық музей директорының міндетін атқарушы Жазира Мадирова хабарламасында шежіре кітаптың тараулары, жұмыс қалай жүріп жатқаны, оларды дайындауға жауапты адамдар мен бас редакторлары жайлы қысқаша ақпарат берді. Олардың бәрі кезегімен өз жұмыстарынан хабардар етті. Айтуларынша бұл іс өз дәрежесінде жүруде.

Ақкөл ауылдық округінің шежіре кітабын шығаруға жауапты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлығайын Нұғыманов кейбір қиындықтар кездесіп отырғанын жеткізді. Сүйіндік ауылдық округінің шежіре кітабына жауапты мемлекеттік қызмет ардагері Ғаділхан Қалиев өздеріне Есмұхан Жанизинді қосуды сұрады. Кудряшов ауылдық округінің әкімі Эльмира Хайруллинаның мәлімдеуінше округтің бас маманы Жиенқұл Жұмахметовты кітап шығаруға қоспаса бұл іс алға баспайды. Ой-пікірлер тоғысында кейбір кітаптарға алғы сөз жазу үшін көрнекті ақын Гүлзада Ниетқалиева, жерлесіміз, белгілі ғалым Талғат Сидық, ақын жазушы Таңатар Дәрелұлы келісім бергені, алға қарай жазушы Заря Жұманова, зейнеткерлікке шығып жатқан ақын, журналист Нұрым Ерғалиевке, ұсыныс жасау қажеттігі айтылды.

Ұсыныс-пікірлер тыңдалғаннан кейін аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов: – Өскелең ұрпаққа мұра болып қалатын кітапты жазу оңай нәрсе емес. Оның қасында бір қарапайым хатты жазу да үлкен ұқыптылықты талап етеді. Жаңа сіздерді тыңдап үлкен жұмыс атқарып жатқандарыңызға қызыға қарап отырмын. 19 округтің шежіре кітабы дайындалғаннан кейін сүзгіден өткізіп, редакциялау қажет. Біреулері жақсы, екіншілері ондай жағдайда болмауы мүмкін. Бәрі бір деңгейде шыққаны жақсы. Құрастырушылар бір-бірлеріне көрсетіп алғаны дұрыс. Ауылдық округтердің шежіре кітабы республика бойынша алғаш рет біздің ауданымызда қолға алынғаны бәріміз үшін қуаныш. Қазақ еліне мақтанышпен жеткізуге болады. Бүгінгі осылай жиналып талқылап жатқанымыз ертеңгі күні тарихи оқиға болып қалары да анық,– деп, бастаған істеріңіз аяғына дейін жетсін деген ізгі тілегін білдірді. «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлының шежіре кітапты дайындау үшін аудан басшылығы арқылы округ әкімдері, кітаптардың редакторлары, өлкетанушыларды қатыстырып семинар ұйымдастыру жайлы айтылған ұсынысын қолдады.

Келесі кезекте аталған кітаптың «Салт-дәстүр» тарауына қатысты өлкетанушылар тарапынан туындаған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Еске сала кетейік бұл тарауда көнеден келе жатқан дәстүрдің жаңа заман талабына сай қолданысы, олардың бүгінгі күні ұмытыла бастағандары, ислам тағылымдары, ырымдар мен тыйымдар қамтылады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT