Округ әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру кестесіне орай Құрманғазы ауылдық округі әкімі Абдуррахман Муса әр сала бойынша алғашқы алты айда атқарылған істер жөнінде хабарлама жасады. Соның ішіндегі инфрақұрылымның дамуы бағытында айтқандарын сөз етсек, ол төмендегіше өріледі.
- Көше жарығына және трансформаторларды күтіп ұстауға 13436,0 мың теңге, ауылішілік автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге 27583,0 мың теңге қаржы жоспарланып, толықтай игерілді. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында күні бүгінге 23 көшеге түнгі жарық орнатылды. Қыркүйек айында үш саябақ жарықшаммен қамтамасыз етіледі. Күзгі-қысқы дайындық жұмыстары есебінен «Атырау» көшесіне жаңадан электр желісін жүргізу үшін - 25000,0 мың теңге, А.Нұрғалиев көшесінде орналасқан жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмыстарына - 4638,0 мың теңге, 2 дана 55кВттық су насосын сатып алуға - 9000,0 мың теңге, Құрманғазы және Кадырка су тазарту қондырғыларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 49140,0 мың және 3 2461,0 мың теңге қаражат бөлінді. Бұлардың бәріне талапқа сай ашық конкурс жарияланып, жеңімпаз мекемелер анықталды. Ал олардың орындалысы қыркүйек айының соңына қарай толықтай аяқталады деп жоспарлануда. Аудан орталығында орналасқан апатты деп танылған білім бөлімінің ескі ғимаратын бұзуға жергілікті бюджеттен 1000,0 мың теңге қаржы бөлініп, қазіргі уақытта нысан толықтай бұзылып, орыны тегістелді. Үнемделген қаржы есебінен округ теңгеріміндегі 5 жатақхана, 3 тұрғын үй, салтанат сарайы және тірек пункті ғимараттарының құжаттары заң талаптарына сәйкес рәсімделіп, мемлекеттік тіркеуден өткізілді.
Баяндамадан соң сөз алған сөйлеушілер округ әкімінің жартыжылдықта атқарған ісіне «қанағаттанарлық» деген баға бергенімен бірқатар кемшін тұстарға да тоқталып өтті. Жеке кәсіпкер Мирғали Ғабдушев тас жол бойындағы жолжиектердің әбден мүжіліп біткенін, сонымен бірге жол-көлік оқиғаларын болдырмас үшін жылдамдық тежегіш жасанды кедергілер орнататын қауіпті жерлерді атады. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин көгалдандыруға қанша қаржы бөлінсе де гүлзарлар мен тал-теректер қурап жатқанын, әсіресе аудан әкімшілігі алдындағы алаңның қазіргі күйінен, айналасындағы кейбір нысандардың қасбеттерінің сұрықсыздығынан адам ұялатынын, төтесінен айтқанда ауыл азып бара жатқанын қынжыла жеткізді. Еңбек ардагері Елдос Бектеміров «түптереңдету кезінде өзен жағасы тік жарға айналуы салдарынан бала түгілі үлкенге де шомылу мүмкін емес, жаз кезінде адамдар демалатын орын әзірлеу туралы өткен жиында да айтқан болатынмын, бірақ өкінішке орай аяқсыз қалды» деп басқа да ескертпелерді әкімдердің қаперіне берді.
Бұзауслан ауылының тұрғыны Асылбек Мәжитұлы учаскелік полиция инспекторының жұмысына сын айтса, денсаулық саласының ардагері Сағидолла Кулов жарықшамдарды сындыратындарды бейнекамералар арқылы анықтап, шара қолдануды сұрады.
Ломоносов мектебінің директоры Толқын Ажығалиева оқушы балалар үшін такси маршрутын орталық ауруханамен шектемей Жапырық ауылына дейін ұзартуды, мектепке жақын жолмен жүруді ұсыныс етті. Бұдан кейінгі пікір айтушылар да өздерін толғандырған кейбір жайттарды қозғады. Бұл сауалдарға және округ бойынша қолға алынған жұмыстарға орай жиынға қатысып отырған аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатов жауап берді. Округ әкімі А.Муса қосымша толықтырып өтті.
Жиын аяқталар сәтте Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұханбетов көпшілік үшін шешімін таппай ортақ мәселені көтерді.
– Жаңа баяндамаңызда 1713 адам тұрғын үй кезегінде тұр дедіңіз, осының бір шешімі болатын ауылдың батыс бөлігіндегі «Шипажай» сияқты үй салуға дайындалған жерлер неге әлі күнге берілмей отырғанын түсіндіретіндерің бар ма? Екінші, біраздан бері айтылып келе жатқан Қиғаш-Маңғышлақ су магистралына қосылу созылып барады. Шыдамның да шегі бар шығар, қарақтарым, қозғамайын деп отыр едім, өздеріңнің айтатын түрлерің жоқ қой, - деген ақсақалдың сөзі орнынан көтеріле бастаған жиын өткізушілерді де, қатысушыларды да бөгеп тастады.
Бұл сауалдарға округ әкімі А.Муса өзінен гөрі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Марат Хасанов толықтай жауап беретінін айтып сөз кезегін берді.
– Сіз айтып отырған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016 жылы қолға алынған «Шипажай» мен «Болашақ» инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысының жұмыстары жалпы 2020 жылы аяқталды. Алайда электр қуатымен қамтуда қиындықтар туындап, ол оңтайлы шешілген соң өткен жылдың аяғында қабылданды. Өткен наурыз айындағы қатты дауылдың салдарынан 1 шақырым 200 метр электр бағандарының құлауы орын алды. Үзіліп түскен сымдар әлдекімдермен қолды болды. Кепілдік мерзіміне сай мердігер мекеме – «Қарағанды жолдары» ЖШС өз қаражаты есебінен 5 млн теңгеге бұл жұмыстарды жасап жатыр. Қазіргі уақытта бағаналар қайтадан орнатылды. Өз жоспарымыз бойынша мамыр айында тұрғындарға беруді бастайтын болғанбыз, осындай кездейсоқ кедергілерге байланысты кейінге қалдыруға тура келді, алдағы уақытта бұл мәселе оңды шешіледі. Қиғаш-Маңғышлақ су магистралына су алу сауалына келсек, мердігер мекемемен көзделген жұмыстардың бәрі аяқталды. Енді қосылуы ғана қалып тұр, содан соң балансқа алынып, пайдалануға беріледі.