Ойын және футбол алаңдары – тұрғындар игілігіне

(0 Votes)

Мемлекет басшысының шекаралық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында, Құрманғазы ауданына қарасты шекара маңындағы елді мекендерде бірқатар игі істер атқарылуда. Соның бірін айтар болсақ, Бірлік ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылында балалар ойын алаңы мен футбол алаңының салтанатты ашылуы өтті. Бұл нысандар «Батыс Альянс Строй» ЖШС-нің демеушілігімен қайта жаңғыртылып, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынылды.

Жыл өткен сайын ауылдарымыз дамып, бұрын қалада болатын нәрселер таңсық болудан қалуда. Заман жақсарған сайын тұрғындар қазіргі талаптарға сай нысандарға қол жеткізгісі келсе, оның айыбы жоқ. Осы ойын және футбол алаңдарымен қамту бұған дейін есеп беру жиналыстарында тұрғындар тарапынан көтерілді. Жауапты басшылар тарапынан ескерусіз қалмайтыны, бірақ, бәрі ретімен болатыны айтылды. Енді міне, көптен айтылып жүрген мәселенің түйіні тарқатылып, оң шешімін тауып, ақ түйенің қарны жарылды. Шағын ауылдың тұрғындары сөздеріне құлақ асқан, осындай тамаша алаңды тарту еткен аудан, округ басшыларына, демеушіге дән риза. Жастар мен балалар бос уақытында қайда барарын білмей сенделіп жүрмейді. Енді бұл алаңдарды күтіп ұстап, игіліктерін көрсін дейміз. 

Салтанатты шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов тұрғындарды құттықтап, жобаны сапалы әрі уақытында аяқтағаны үшін «Батыс Альянс Строй» ЖШС директоры Жұбанов Жаңабай Орынғалиұлына аудан әкімдігі мен ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіріп, облыс әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыстады.

Бұл нысандар – ауыл балалары мен жастары үшін тек ойын-сауық орны ғана емес, салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT