«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Балаларға арналған қауіпсіз және жайлы инфрақұрылым» акциясы аясында аулалар мен ойын алаңдарын жарықтандыру бойынша рейдтік аралау жүргізді. Аралауға аталған комиссияның төрағасы Есболат Құбашев, комиссия мүшелері Ерлан Аманжанұлы, Ақынжан Хусайнов, Қанат Ғұмаров және Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы Нұрбол Кендебаев қатысты.
Аралау Үлкен Кресті ауылындағы ойын алаңынан басталды. Алаңның жасыл шарбақтары тұрғызылып, алдына қиыршық тас түсіріліп қойылған. Жұмыс осылайша басталған да, тасталған. Мердігер жосықсыз деп танылып сотқа берілген. Қазір қайтадан конкурс жарияланғалы отыр. Аталған комиссия төрағасы Есболат Захарұлы кейбір жерлерде мұндай ойын алаңдарына қиыршық тас емес, жұмсақ кафель төселетінін айтты. Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы Нұрбол Кендебаев бұл жобада ол қаралмағанын жеткізді.
М.Әуезов орта мектебінің алдындағы ойын алаңы 2012 жылы салынған. Содан бері иесіз тұрған. Қараусыз, иесіз қалған соң тозатыны анық. Қоршауының кей жерінде төменгі жағының тор сымдары жыртылған, жасыл газонын топырақ басқан. Мектеп әкімшілігі бір жыл бойы жұмыстанып, былтыр күзде ғана өз теңгеріміне алған. Биыл осы алаңға жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат сұратып отырғанын естідік.
Жапырық ауылында 80 млн. теңге бюджет қаржысына салынған керемет ойын алаңы орын тепкен екен. Бір шетінде жасыл газоны бар шағын футбол алаңы. Ортада баскетбол ойнайтын орын. Одан берірек ашық аспан астында түрлі тренажерлер, турниктер, спорттық жаттығу құралдары орналасқан.
Оның оң жағында бала біткенді қызықтыратын, көз тартатын ойын алаңы. Тренажерлерден басқасы түгел қоршалған. Іші, айналасы тап-таза болып тұр. Мұны көріп барлық ойын алаңдары да осылай ұсталса ғой деп ойладық. Жалғыз ғана кемшілігі түнгі жарықпен қамтылмаған. Комиссия төрағасы Есболат Құбашев түнгі жарыққа қаржы сұрап бюджеттік өтінім беру қажеттігін ауылдық округ маманының қаперіне берді.
Қанат ҒҰМАРОВ